ІІМ ауыр жол апаттарын көрсете отырып мас жүргізушілерге жаза жеңілдемейтінін айтты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
ІІМ ауыр жол апаттарын көрсете отырып мас жүргізушілерге жаза жеңілдемейтінін айтты/Видео кадры

Ішкі істер министрлігі кей азаматтардың көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйде басқарғаны үшін салынатын әкімшілік жазаны жою туралы талабына жауап қатты.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев азаматтардың бұл талабы орынсыз екенін айтады. Министрлік әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабында көзделген жауапкершілікті жеңілдетуге түбегейлі қарсы екенін мәлім етіп, бейнеүндеуге ауыр жол апаттарының видеоларын көрсеткен.

Ведомство мас жүргізушілерді 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айыру жазасы 2020 жылы жайдан-жай енгізілмегенін атап өтті.

«Бұл – заңдағы бап қана емес, жолдағы өмір мен өлімнің арасындағы шекара. Соңғы бес жылда мас жүргізушілердің кесірінен 2,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. 460-тан астам адам қаза тауып, 3 300-ден астамы жарақат алды. Бұл – жай статистика емес. Бұл – қайғы жұтқан отбасылар, жетім қалған балалар, перзентінен айырылған ата-аналар. Мас күйінде көлік жүргізу – жай ғана заңбұзушылық емес. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекет», – дейді Шыңғыс Алекешев.

Министрлік өкілі заңның күшейтілгеннің арқасында мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны азайғанын айтады.

«Бұл қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетеді. Олар тек жауапқа тарту үшін емес, қылмыстың алдын алу үшін қажет. Ішкі істер министрлігі жаза шараларын алып тастау немесе жеңілдету туралы кез келген ұсынысты орынсыз деп санайды, – деді Шыңғыс Алекешев.

Жуырда ғана Жетісуда мас жүргізуші өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Сондай-ақ оқыңыз