Шерзат ісі: сотталғандардың қайсысы рақымшылыққа ілінуі мүмкін

Депутат, заңгер Абзал Құспан жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сотталғандардың ішінде рақымшылыққа ілінуі мүмкін адамды атады.
Абзал Құспанның айтуынша, адам өліміне әкеліп соққан қылмыстық істерге рақымшылық актісі қолданылмайды. Оның ішінде адам өліміне әкеп соққан бұзақылық қылмыстары да кіреді.
Ал қылмысты хабарламау бабы бойынша істі болғандар рақымшылыққа енуі мүмкін.
Демек, Шерзат ісі бойынша сотты болған 9 адамның тек біреуі – Думан Ысқақ қана рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Ол қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмысты жасыру) бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Бүгінде мәжілісте «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасы талқылап жатыр.
Бұл жолғы амнистияға 15 мың адам ілігеді деп күтіліп отыр. Депутат Абзал Құспанның айтуынша, рақымшылық жасалатындар тізіміне сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін сотталғандар және қоғамға қауіп төндіретіндер кірмейді.
Үкімет есебінше, амнистия бюджет қаражатының 5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді.