Жапонияда ең көп сатылатын шетелдік автокөліктер тізімі жарияланды

Тарихта алғаш рет қытайлық автокөлік өндіруші Жапониядағы ең көп сатылатын шетелдік брендтер ондығына енді. BYD компаниясы Peugeot және Land Rover секілді танымал маркаларды басып озып, Jeep-ке жақындады, деп хабарлады өндіруші. Бұл көрсеткіш BYD Sealion 7 электрлік кроссоверіне сұраныстың артуы арқасында тіркелді. Ол Tesla Model Y көлігіне тікелей бәсекелес саналады.
BYD ең консервативті нарықта өз орнын тапты ма?
Жапония автомобиль импорттаушылары қауымдастығының (Japan Automobile Importers Association, JAIA) мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында BYD компаниясы Жапонияда 416 жаңа электромобиль сатқан. Бұл көрсеткіш брендке ең танымал шетелдік көліктердің рейтингінде тоғызыншы орын алуға мүмкіндік берді. Компания Peugeot (382 дана) және Land Rover (401 дана) брендтерінен алға шықты.
2025 жылдың мамырындағы Жапониядағы импорттық көлік сатылымының ТОП-10 рейтингіне тоқталсақ. Германияның Premium сегментіндегі көліктері тағы да сатылым көшін бастап тұр. Mercedes-Benz бренді 4089 дана автокөлікпен бірінші орынға шықты.
BMW — 2619 көлікпен екінші орында. Ал Volkswagen сатылым саны 2462 көлікке жетіп, үшінші орынды иеленді. Төртінші орынды 1187 сатылыммен Audi бренді иеленсе, алғашқы бестікті Mini түйіндеп тұр — мамыр айында бұл брендтің 1151 көлігі сатылған.
Келесі орындарда:
- Volvo – 841 көлік
- Jeep – 595 көлік
- Porsche – 520 көлік
- BYD (Қытай) – 416 көлік
- Land Rover – 401 көлік
Бұл көрсеткіштер Premium және орта санаттағы көліктерге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.
Сенімді түрде алға жылжып келеді
BYD компаниясы 2022 жылы Жапония нарығына ресми түрде шықты. Алғашында Dolphin атты шағын хэтчбегі мен Seal седаны ұсынылды. Бірақ нақты серпіліс 2024 жылы жаңа флагман – BYD Sealion 7 электрлік кроссовері шыққаннан кейін болды. Бұл модель тиімді бағасы, заманауи дизайнының арқасында жапондық тұтынушылардың назарын аударды.
Sealion 7 – Tesla Model Y көлігінің баламасы, бірақ Жапонияның жол жағдайлары мен жүргізу стиліне жақсы бейімделген, ықшам әрі үнемді көлік.
Неліктен жапондар қытайлық көліктерге сенім арта бастады?
Жапон автонарығы отандық брендтерге (Toyota, Honda, Nissan және т.б.) адалдығымен белгілі. Бұған дейін қытайлық көліктер сенім ұялатпай, көбіне сапасыз деп қабылданатын. Алайда соңғы екі жылда жағдай өзгеріп келеді.
Көмірқышқыл газын азайтуға қойылған талаптар және «жасыл» технологияларға көшу мақсатындағы саясат электр көліктеріне деген қызығушылықты арттырды. Қытайлық өндірушілер осы сәтті пайдаланып, бағасы тиімді, дизайны заманауи және қызмет көрсету инфрақұрылымы жақсы дамыған өнімдер ұсынды.
BYD Жапонияда сервистік орталықтар ашып, дилерлік желіні кеңейтуде. 2026 жылға дейін 50-ден астам орталық ашу жоспарланған. Сонымен қатар компания жапон нарығына бейімделу үшін кейбір бөлшектерді жергілікті жерде өндіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Бәсекелестерге қауіп төнді ме?
Tesla Жапониядағы электромобиль нарығында өз орнын сақтап тұр. Дегенмен BYD-дың нарыққа кіруі бәсекені күшейтті. Sealion 7 технологияға ғана емес, сонымен бірге практикалық тұрғыда тиімді шешім ұсынады – ол көпшілік үшін қолжетімді әрі сенімді.
Сонымен қатар, BYD – өндірістің барлық кезеңін өз бақылауында ұстайтын, батареядан бастап соңғы құрастыруға дейінгі процестерді біріктірген компания. Бұл оларға икемділік пен өндіріс құнын төмен ұстауға мүмкіндік береді.
Болашаққа бағдар
BYD Жапониядағы модельдер қатарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания шағын қалалық көліктер мен іскерлік сегментке арналған үлгілерді шығаруға дайындалуда. Сонымен қатар, жапон жеткізушілерімен серіктестік орнату және жергілікті мамандарды тарту арқылы сенімділікті арттырмақ.
Еске сала кетсек, Жапония жол-көлік қауіпсіздігі агенттігі ең сенімді автолардың тізімін жариялаған еді. Токиода өткен салтанатты жиында 2024 жылдың ең қауіпсіз көлігі болып Toyota брендінің Crown атты моделі танылған.