2025 жылы кімдер рақымшылыққа ілінеді

Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жасалып, 4,1 мың адам бостандыққа шығуы мүмкін. Тиісті Заң жобасы мәжілісте талқыланды.
Қанша адамға рақымшылық жасалады?
Заң жобасын таныстырған депутат Абзал Құспанның айтуынша, қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі Қызметтің атқару жүйесінің 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам ұсталады. Олардың 33 мыңына сот үкімі шығып, жазасын өтеп жатса, 7 мыңы тергеу изоляторларында үкім күтіп отыр.
«Алдын ала есептеулерге сәйкес рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам қамтылады. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады», – дейді Абзал Құспан.
Сонымен бірге Заң жобасы депутаттардың ұсынуымен қылмыстық жазасын өтеуге соңғы 1 жылы қалған, оң мінезделетін 1700-ден астам сотталған азаматтардың да босап шығуына мүмкіндік береді. Мұндай бастама жұмыс тобының соңғы отырысында көтерілген.
Рақымшылық аясында жаза уақыты қысқарады
Заң жобасы аясында жазасын өтеп жатқан кей азаматтарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Оған сәйкес бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту көзделген. Солайша 11 мың адамның жаза мерзімі қысқартылмақ.
«Сонымен қатар рақымшылық жасау әрекетіне әлеуметтік осал адамдар санатынан 629 адам жатады, олардың 57-сі босатылады және 572 адамға жаза мерзімі қысқартылады. Рақымшылық жасау туралы заң жобасы 833 әйелге де қатысты, оның 109-ы босатылады және 724-інің мерзімі қысқартылады», – деді депутат.
Бірақ рақымшылыққа абайсызда қылмыс жасағандар ілінбейді. Адвокаттар алқасының заң жобасының кейбір тұстарына көңілі толмаған. Жобаға сәйкес, абайсызда қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілінбейді. Заңгерлер абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар өз мәні жағынан қасақана жасалған әрекеттерден ерекшеленетінін, ал заң жобасы рақымшылық қолданылатын адамдар қатарын шектейтінін айтты.
Айта кетейік рақымшылық жасау арқылы 5 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеу көзделіп отыр.