ЕО Ресей мұнайының шекті бағасын 45 долларға дейін төмендетпекші

Ресейдің мұнайдан түсетін табысы төмендеуі мүмкін. Еуроодақ Ресейдің энергетика және банк секторына санкция салуды көздеп отыр. Бұл туралы Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен айтты.
Ресейге қысым күшейеді
Урсула фон дер Ляйен Еуропаның Ресейге қысымды күшейтетінін, соғысты тоқтату үшін барынша күш салатынын мәлімдеді.
«Біз Украина үшін бейбітшілікті қалаймыз. Ресейдің мақсаты – бейбітшілік емес, билікке күш қолдану. Сондықтан да Ресейге қысымды күшейтеміз. Өйткені бұл – Ресей түсінетін жалғыз тіл», – деді ол.
Сонымен бірге Еурокомиссия төрайымы Ресей экономикасы Еуроодақ салған санкциялардан қатты зардап шеккенін, мұнай мен газдан түсетін табысы соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 80%-ға қысқарғанын айтқан. Бұдан бөлек Ресей Орталық банкінің 210 млрд еуро көлеміндегі резерві бұғатталған. Мұның барлығы, елде дефициттің артуына, инфляцияның 10%-дан асып кетуіне жол ашты. Ал импорт құны соғыстан кейін 6 есе өскен.
«Ресей экономикасы соғыс экономикасымен шектеліп отыр, солайша бұл ел өз болашағына балта шабуда», – деп мәдімдеді фон дер Ляйен.
Nord Stream-1 және Nord Stream-2 бойынша транзакцияларға тыйым
Еурокомиссия басшысы қысымды санкцияларды қатаңдату арқылы күшейтетінін жеткізді. Айтуынша, қазіргі таңда Еуропа 18-ші санкциялар пакетін әзірлеп жатыр. Оған сәйкес, елдің банк және энергетика секторына санкциялық талаптар күшейтіледі.
«Біз қазір 18-ші санкциялар пакетін ұсынып отырмыз. Қазіргі таңда екі секторға санкция салуды мақсат етіп отырмыз. Ол – Ресейдің энергетикалық және банк секторлары. Бұдан бөлек экспортқа тыйым салып, бақылауды кеңейтеміз және санкцияны айналып өтуге қарсы шараларды күшейтеміз», – деп мәлімдеді фон дер Ляйен.
Бірінші кезекте Nord Stream-1 және Nord Stream-2 бойынша транзакцияларға тыйым салынбақшы. Оған сәйкес, ЕО-ның бірде-бір операторы Nord Stream құбырларына қатысты транзакцияларға тікелей немесе жанама түрде қатыса алмайды. Яғни Ресей Еуропаға газ сата алмай қалады.
Мұнайдың шекті бағасы
Сонымен қатар Ресей мұнайын шекті бағаларды төмендету көзделіп отыр.
«Мұнай бағасының барреліне шекті 60 доллардан 45 долларға дейін төмендетуді ұсынамыз. 2023 жылы мұнай бағасының шекті режимі енгізілгеннен бері мұнай бағасы төмендеді. Олар қазір осы шекке жақын мөлшерде сауда жасап жатыр. Мұнай экспорты әлі де Ресей үкіметі кірісінің үштен бірін құрайды. Біз бұл кіріс көзін азайтуымыз керек. Мұнай бағасының шекті деңгейін орнатуды G7 коалициясы ұсынып отыр. Бұл мәселеде қалай әрекет ететінімізді Канададағы G7 саммитінде талқылаймыз», – деді Урсула фон дер Ляйен.
Сонымен бірге Ресейдің санкцияларды айналып өтуіне мүмкіндік беріп келген көлеңкелі флотының 77 кемесіне санкция салу көзделіп отыр. Бұл да елдің мұнайдан түсетін табысына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.
Банк секторы
Еуродақ елдің банк сеторына санкциялық қысымды арттырады.
«Біз ресейлік банк секторын нысанаға алып, оның қаржы тарту және операциялар жүргізу мүмкіндігін шектеп отырмыз. Біз қазіргі тыйымдар негізінде SWIFT жүйесін пайдалануға қатысты транзакцияларға толықтай тыйым салуды ұсынып отырмыз. Санкциялық тізімге тағы 22 ресейлік банк кіреді», – деді Еурокомиссия өкілі.
Еурокомиссия Ресеймен сауданы қаржыландыратын үшінші елдердегі қаржы операторларының транзакциясына тыйым мерзімін ұзартады. Сондай-ақ Ресейдің тікелей инвестициялар қорына, оның еншілес ұйымдарына және инвестициялық жобаларына санкция салу көзделген.
Еуроодақ елдері сонымен бірге 2,5 млрд еуроның тауар экспортына тыйым салмақшы. Солайша елге экономика үшін маңызды технологиялар мен өнеркәсіптік тауарлар кіргізілмейді. Атап айтқанда, машиналарға, металдарға, пластикалық және химиялық заттарға шектеу енгізілмекші.
«Бұл заттар өнеркәсіпте шикізат ретінде пайдаланылады. Осылайша біз ұшқышсыз ұшақтарды, зымырандарды және басқа да қару-жарақ жүйелерін жасау үшін қолданылатын қос мақсаттағы тауарлар мен технологиялардың экспортын шектейміз. Яғни Ресейдің қару-жарағын еуропалық технологиямен жаңартудың жолдарын таппағанына көз жеткізгіміз келеді», – деді комиссия төрайымы.
Айта кетсек, Еуроодақ Ресейге қарсы 17-санкциялар пакетін мамырда бекіткен болатын. Ол кезде санкциялық тізімге Ресейдің көлеңкелі флотына қатысы бар 200 кеме, 30 компанияғ 75 адам енген еді.