Президент Словакия премьер-министрі Фицоны қарсы алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Словакия премьер-министрі Роберт Фицоны қарсы алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Ақордада елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті», – делінген Ақорда хабарламасында.
Тараптар салтанатты рәсімде бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырған соң, келіссөз басталған.
Еуроодақтағы Қазақстан серіктесі
Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елді тығыз ықпалдастық байланыстырып отырғанын, Словакияның Қазақстанның Ероодақтағы негізгі серіктесі екенін айтқан.
«Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады. Біз ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Дегенмен тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар деп ойлаймын. Сондықтан Сіздің бұл сапарыңызға ерекше мән береміз, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенімдеміз. Сіздің еліңізбен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және Словакияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санаймыз. Сол себепті, мен Президент ретінде мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастықты түрлі салада кеңейту үшін бар күш-жігерімді саламын», – деді Тоқаев.
Экономикалық байланыс һәм достық
Словакия премьер-министрі Роберт Фицо президентке қонақжайлылық танытқаны үшін алғысын білдіріп, өзара экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беретінін жеткізген.
«Жоғары Мәртебелі Президент мырза, қонақжайлық танытқаныңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз. Бұл сапарымның қорытындысы табысты болатынына сенімдімін», – деді Фицо.
Айта кетсек, осыған дейін президент бірқатар Еуропа елдерінің басшылары мен премьер-министрлерін қабылдаған болатын. Мамыр айының аяғында Қазақстанға ресми сапармен Италия премьер-министрі Джорджа Мелони келген болатын. Ал 9 маусымда Тоқаев Ақордада Болгария президенті Румен Радевті қарсы алған еді.