Қазақстан Словакияға мұнай-газ және уран экспорттауға дайын – Тоқаев

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Фицо
Тоқаев Словакия премьер-пминистрі Фицомен кеңейтілген келіссөз жүргізді / Фото: Ақорда

Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға ниетті. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Словакия премьер-министрі Роберт Фицомен жүргізген келіссөз барысында айтты.

Өзара тауар айналымы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Словакиямен екіжақты және көпжақты серіктестікті тереңдетуге ниетті екенін жеткізді. Президент екі елдің экономикалық әріптестікке баса назар аударуы қажет деп санайды.

Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналым 140 млн долларға жеткен. Сондай-ақ Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді.

Осы орайда Тоқаев Қазақстан мен Словакияның энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары, білім және туризм сынды салаларда ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндігі бар екенін айтты.

«Словакия – экономика тұрғысынан алып қарасақ, қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән бермек. Біз сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталдық. Инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аудардық. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын», – деді президент.

Әскери байланыс

Тоқаев екі елдің әскери-техникалық байланыс орнату мәселесінде де әлеуеті зор екенін атап өтті.

«Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс», – деді президент.

Тоқаев келіссөз барысында екі елдің білім саласында байланыстарды тереңдету мәселесі де талқыланғанын атап өтті.

«Сондай-ақ білім саласындағы байланыстарды тереңдету жайын талқыладық. Жастарымыз екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар біздің халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі деп ойлаймын. Біздің қарым-қатынасымыздың тарихы терең. Қазақ жауынгерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Словакияны азат етуге белсене атсалысты. Осыған орай, Роберт Фицо мырза Отан қорғаушылар монументіне барып, батырлардың рухына тағзым етті. Осылайша, адамзат үшін қиын кезеңде бастау алған қазақ-словак достығы бүгінге дейін жалғасып, нығайып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Словакия үшін шайқасқан сарбаздар

Роберт Фицо 1944-1945 жылдары Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы шайқасқанын, 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида еткенін атап өтті.

«Сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз. Жоғары Мәртебелі, Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет», – деді ол.

Жаһанда болып жатқан жағдайлар

Тоқаев әлемдегі қақтығыс мәселесін тілге тиек етіп, жаһанда болып жатқан жағдайларды бейбіт шешу мәселесін қозғады.

«Әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бәрімізді алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Атап айтқанда, достығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында дамып жатыр. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз. Бүгінгі келіссөз қарым-қатынасымыздың өзара тиімді сипатын тағы да нақтылай түсті. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін», – деді президент.

Сөз соңында келіссөз барысында қазақ-словак ынтымақтастығын арттыруға ниет білдіріп, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті. Словакия премьер-министрі бұл келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалап, екі елдің жақсы бастамаларға қадам басқанын айтты.

Еске сала кетсек бүгін, 11 маусымда президент Ақордада ресми сапармен келген Словакия премьер-министрі Роберт Фицоны қабылдаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз