Депутат тұрғын үй жинақ жүйесіне басқа да банктерді қатыстыруды ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Депутат басқа банктерге тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беруді ұсынды /Фото: kursiv.media

Қазақстанда тұрғын үй алу үшін ипотека рәсімдеуден гөрі бір пәтердің құнынан да қымбат көлікке несие рәсімдеу әлдеқайда жеңіл. Бұл туралы Мәжілісте депутат Ерболат Сатыбалдин айтты.

Басқа банктердің тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуы

Депутат тұрғын үй алуды жеңілдетуге қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Соның бірі – «Отбасы банктен» басқа да екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуына мүмкіндік беру. Бұлайша қаржыландыру тетіктерін жаңғырту халықтың тұрғын үйге қол жеткізу шарттарын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

«Тек «Отбасы банкпен» шектелмей, басқа банктерге де тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беру қажет. Сондай-ақ, ипотекалық несиелеуге зейнетақы қорын тарту арқылы ұзақ мерзімді қаржыландыру нарығын қалыптастырып, пайыздық мөлшерлемені төмендету керек. Бұл – бәсекелі орта құруға, халықтың таңдауын кеңейтуге және несиенің қолжетімді болуына жол ашпақ», – дейді депутат.

Rent-to-Buy жүйесі

Сатыбалдин халық көңілінен шағытын тағы бір тың ұсыныс айтты. Депутат халықты баспанамен оңай қамту үшін Rent-to-Buy – «Жалдаудан сатып алуға дейін» жүйесін енгізу қажет деп санайды. Оған сәйкес, жалдамалы пәтерде тұратын азаматтардың жалға берген қаражатының бір бөлігі болашақта сатып алатын пәтердің алғашқы жарнасы ретінде жиналады.

«Мысалы, айына 200 мың теңге төлесе, соның 50 мың теңгесі алдағы уақытта үйді сатып алғанда алғашқы жарна ретінде саналады. Осылайша адам үш жыл ішінде үйге ақша жинап қана қоймай, төлем қабілетін де дәлелдеп үлгереді. Бұл жүйе біздегі жастарға, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік осал азаматтарға өте қолайлы болар еді. Бұл тәсілді енгізу – үй алуға дайын емес, бірақ ниеті бар азаматтар үшін үлкен мүмкіндік болар еді», – дейді Сатыбалдин.

Сондай-ақ депутат тұрғын үй алу үшін цифрлық «жылдам ипотека» жүйесін де ұсынды. Ол үшін мемлекеттік органдар мен банктер арасында дерек алмасуды біріктіріп, онлайн рәсімдеу жүйесін енгізу қажет деп санайды.

«Қазіргі автонесиелеу жүйесіндегідей, тұрғын үйді де онлайн түрде, жедел әрі бюрократиясыз рәсімдеуге мүмкіндік беретін механизм қалыптастыру қажет», – дейді ол.

Расында, соңғы кездері тұрғын үйге қол жеткізу қиындап кетті. Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының мәліметіне сенсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанында елдің ипотекалық нарығы баяулап кеткен. Мәселен, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында мақұлданған өтінімдер үлесі 31%-дан 24%-ға дейін төмендеген. Нақты айтқанда, ипотека рәсімдеуге берілген өтінімдердің 4/1 ғана мақұлданған.

Сондай-ақ оқыңыз