Ғажайып әсер сыйлайтын демалыс орындары

Жарияланды 11 Маусым 2025 13:34

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Ғажайып әсер сыйлайтын көрікті мекендер / фото: gov.kz
Ғажайып әсер сыйлайтын көрікті мекендер / фото: gov.kz

Ғажайып әсер сыйлайтын демалыс орындары елімізде аз емес. Шетелге шықпай-ақ, жазғы демалысты керемет өткізуге болады.

Қазақстандықтар өз елінің сұлу табиғатын тамашалап, жазда естен кетпестей демалуға қазір жиі ден қоя бастады. Бұған ішкі туризмнің дамуы түрткі болғаны анық.

Іле-Алатау көлдері

Көлсай / фото: shutterstock
Көлсай / фото: shutterstock

Көлсай, Есік, Үлкен Алматы көлдері Алматы тау кластеріне жатады. Жазғы аптапта таудың салқын әрі саф ауасынан артық не бар? Бұған қоса, күндеріңізді көңілді өткізуге бұл көлдердің жағасы таптырмайтын орын. Ғажайып әсер аларыңызға толық кепілдік бар. Сондықтан да Іле-Алатау көлдері Қазақстандағы курорттық өңірлердің рейтингінде көш бастап тұр.  Былтыр 1 996 801 турист демалған.

Шарын шатқалы

Шарын / фото: shutterstock
Шарын / фото: shutterstock

Жер жәннаты – Жетісудың тағы да бір көз тартар жері Шарын шатқалы. Сан ғасырлар бойы мүлгіп тұрған каньондар кез келген адамды бей-жай қалдырмайды. Мұндай шатқалдар табиғатта сирек кездеседі.

Үкімет қаулысымен Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағы 93 150 гектардан 127 050 гектарға дейін кеңейтіліп отыр.

Жетісу жайлаулары

Асы жайлауы / фото: Ақниет Төленді
Асы жайлауы / фото: Ақниет Төленді

Табиғатты ерекше жақсы көретін адамдарға жайлаулардың ғажайып әсер беретіні анық. Алматы облысында Асы Жайлауы Алматы іргесінде тұр. Түрген сарқырамаларына жақын. Қымызы балдай.

Бұдан бөлек, Шалкөде және Қарқара жайлауларын көргісі келетін туристер көп. Жайлауда жайылып жүрген үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, қоңырқай киіз үйлер, ұлттық дәм көшпенділер дәуіріне барып-қайтқандай күй сыйлайды.

Шортанды – Бурабай

Бурабай / фото: shutterstock
Бурабай / фото: shutterstock

Қазақстанның солтүстігінде Шортанды – Бурабай курорттары танымал демалыс орындарының бірі. Ерекше тау сілемдері, жүз жылдық ағаштары, тұнық суы ерекше әсер береді. Орманы, көлдері және курорттық кешендері жұртты бұрыннан қатты қызықтырып келеді.

Бурабай – мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ. Көкшетау қыратының шығысындағы таулы-орман сілемін алып жатқан табиғи қорық.

Бұл өңір былтыр 275 295 саяхатшыға ғажайып әсер сыйлапты.

Алакөл

Алакөл/ фото: Ақниет Төленді
Алакөл/ фото: Ақниет Төленді

Қазақстандық туристер көп ұнататын жазғы демалыс орындарының бірі – Алакөл. Су мен батпағының емдік қасиеттері бар. Көп дертке ем. Сол себепті де Алакөлді «табиғаттың тамаша тартуы» деп атайды.

Рейтингте төртінші орын алады. Былтыр Алакөлге сүңгігісі келген туристердің саны артқаны байқалды. Абай облысындағы аумағына 125 621, Жетісу облысындағы бөлігіне 113 059 адам келген.

Балқаш

Балқаш / фото: shutterstock
Балқаш / фото: shutterstock

Күнге қыздырынып, суға шомылуды, балық аулауды ұнататын туристерді Балқаш көлі құшақ жайып қарсы алады. Бұл жерде су спорты дамыған. Ескекті, желкенді қайықтармен шұғылданатындарға ғажайып әсер береді.

Балқаш курорттық өңірлердің рейтингінде 5 орынға жайғасқан. Былтыр 9 айда 120 948 адам келіп, өздеріне керемет демалыс сыйлаған.

Түркістан

Түркістан, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесі / фото: sutterstock
Түркістан, Қожа-Ахмет Ясауи кесенесі / фото: shutterstock

Cоңғы жылдары қазақстандықтар Түркістанды көруге ағылып жатқаны құпия емес. Бұған Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесі беріліп, рейстердің көбейіп жатқаны да өз үлесін қосты. Көне шаһар шығыс сәулетін сақтай отырып, заманауи келбетке ие болып келеді.

Түркістан – еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы. Қожа-Ахмет Ясауи кесенесінде қазақтың атақты хандары, билері мен батырлары жерленген.

Маңғыстау

Каспий/ фото: Ақниет Төленді
Каспий/ фото: Ақниет Төленді

Маңғыстау өңірі бекерден бекер рейтинг бойынша Іле-Алатауларынан кейін екінші орын алмайды. Табиғаты өзге ғаламшарды еске түсіреді. Үстірттің аласа жондары, ойыс-ойпаттар, сортаң топырақты даласы мен қызғылтым түске боялған жоталары, бәрі де қайталанбас әсер сыйлайды. Бір Каспийдің өзі неге тұрады? Оның үстіне, бұл аймақ жан дүниеңізді көне дәуірлермен байланыстырады.  Саяхатшыларды 362 әулие жатқан киелі өңір рухани тұрғыдан да байыта түседі.

Қапшағай

Қапшағай / фото: Ақниет Төленді
Қапшағай / фото: Ақниет Төленді

Қапшағайдың жағалауы, аквапарктері – қазақстандықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі. Жаз мезгілінде туристер легі үзілген емес. Өйткені, Қазақстандағы ең ірі қала Алматының іргесінде тұр. Арасы небәрі 53 шақырым.

Қонаев қаласы облыс орталығы болған соң, инфрақұрылымдық дамуға серпін берді. Оның үстіне, Қазақстанның Лас-Вегасы деп тегін аталып жүрген жоқ, Қаз қатар тізілген казинолары құмар ойындарын ұнататын туристерді де магниттей тартады.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы ішкі туристер саны 10,5 млн адамға жеткен. 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға көбейген.

Айта кететін жайт, Қазақстанда туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында түнгі экспресс-маршруттар іске қосылмақшы.

Сондай-ақ оқыңыз