Алматыда «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс сүріліп жатыр

Алматыда «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешеніндегі қосалқы құрылыс сот шешімімен сүріліп жатыр. Құрылыстың заңсыз салынғаны анықталды.
Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, пәтер иесінің бұған ешқандай құжаты болмаған.
«Алматыда Кенесары хан көшесі, 54/33 үй мекенжайындағы тұрғын үй кешенінің үшінші қабатындағы террасада заңсыз салынған құрылыс сот шешімімен бұзылуда», – делінген хабарламада.
Пәтер иесі ешқандай рұқсат құжаттарсыз бір қабатты қосымша құрылыс салып алған. Тұрғын үй аумағын айтарлықтай ұлғайтқан. Бұл жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында анықталып отыр.
«Иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген», – делінген хабарламада.
Бірақ нұсқама талаптары орындалмаған. Сондықтан 2024 жылғы 26 тамызда басқарма Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына нұсқаманы мәжбүрлеп орындату туралы талап арыз берген.
2025 жылғы 5 қаңтарда сот басқарманың талаптарын қанағаттандырған.
Бүгіннен бастап Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешеніндегі нысанды бұзу жұмыстары басталды.
Мұның алданда басқарма Orda City тұрғын үй кешені сот шешімімен бұзылатыны жайында хабарлады. Бұған дейін бұл тұрғын үй кешені БАҚ-та пәтер сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үйлер тізімінде көрсетілген болатын.