Банктер ипотека беруін тоқтата ма?

Жарияланды 11 Маусым 2025 17:22

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: shutterstock

Осы жылдың 16 маусымынан бастап қайталама нарықтағы пәтерлерді ипотекаға ала алмайсыз. Банктер ипотека беруді уақытша тоқтатады. Ұлттық банктің ақша-несие саясатына байланысты осындай шешім қабылданған. Әлеуметтік желіде осындай хабарламалар жүр. Бұл қаншалықты шындыққа сай? Kursiv.Media ипотека беретін коммерциялық банктермен хабарласып көрді.

Қазір нарықта екінші деңгейлі 21 банк бар. Оның ішінде тек «Отбасы банк» қана мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істейді. Банк ипотеканы тоқтату туралы ешқандай ресми ақпарат таратпады.

Қандай банктерден ипотека алуға болады?

Екінші деңгейлі банктер ішінде ипотекалық бағдарлама ұсынатын бірнеше ғана банк бар. Олар: Forte, «БанкЦентрКредит», Altynbank және Freedom.

Forte ипотекалық бағдарламаны тоқтатпайтындығын мәлімдеді.

«Forte азаматтардан келіп түскен өтінімдерді қарастыруды жалғастыруда, ипотекалық қарыздарды беруді тоқтатқан жоқ және тоқтатпайды да. Forte шешім қабылдап, кепілдік хат берген барлық ипотекалық қарыздар бойынша, ипотекалық қарыз сол бұрынғы қолданыстағы шарттармен берілуде. Егер қандай да бір өзгерістер болса, Forte өз клиенттерін міндетті түрде хабардар етеді», – деп жазылған банктің Kursiv Media-ға берген жауабында.

Дәл осылай «БанкЦентрКредит» те ипотекалық бағдарламаны тоқтатпайтынын хабарлады, тек бағдарлама шарты өзгереді.

«Заңнамада ЖТСМ-нің ең жоғары шекті мөлшерлемесіне қатысты өзгерістерге байланысты банк ипотекалық бағдарламалар шарттарын қайта қарауда. Банк бағдарламаларды тоқтатпайды, керісінше, қолданыстағы бағдарламалар шарттарын жаңа заң талаптарына сәйкес жаңартады. Барлық өзгерістер туралы банктің ресми ақпарат көздерінде қосымша хабарланады», – деді банктің баспасөз қызметінен.

Ипотека ұсынатын AltynBank қаржы ұйымы да ипотекалық бағдарламаны тоқтатпайтынын хабарлады.

«Банк ипотекалық бағдарламаларды тоқтатпайтынын және ипотекалық несие бойынша өтінімдерді қарастыруды жалғастыратынын хабарлаймыз. Сіздердің сенімдеріңізді жоғары бағалаймыз және жеке тұрғын үй сатып алу үшін тиімді шарттар ұсынуға дайынбыз», – деп жазылған банк хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз