«Күдік тудырады»: депутат «Самұрық-Қазына» қорын қайта жаңалауды талап етті

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов аудит жүргізілгеннен кейін, «Самұрық-Қазына» қорын қайта жаңалауды талап етті. Ол осы жайлы премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдаған.
«Қор антидағдарыстық саясаттың стратегиялық институты және шетелдік қорлар тәрізді экономикалық өсімнің драйвері ретінде құрылған еді. Бірақ іс жүзінде қордың қызметі қоғамда экономикалық тиімділік тұрғысынан да, ашықтық пен есеп беру тұрғысынан да күмән тудырып келеді. Оған қоса, біз қордың жекелеген құрылымдарының нарықтық экономикаға араласуын әрі бұл араласудың олардың ерекше жағдайымен байланысты екенін көріп отырмыз», – деді ол мәжілістегі сөзінде.
Депутаттың дерегінше, 2024 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жүргізген сатып алулардың 60%-ы бір көз арқылы жүзеге асырылған. Дәл осындай жағдай «Бәйтерек» холдингінің құрылымында да байқалады. Мұндай әрекеттер нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес келмейді деп есептейді.
«Басқару мен сатып алулардағы жүйелі теңсіздіктер жойылмайынша, қор экономикалық дамудың қозғаушы күші емес, керісінше тежеуші фактор болып қала береді. Біз «Самұрық-Қазына» қорын квазимемлекеттік ықпал ету орталығы емес, бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту платформасына айналдыру үшін оны қайта құру қажет деп санаймыз», – деп атап өтті ол.
«Самұрық-Қазынаны» толығымен жаңалау керек
Қорға қатысты мәселені айта келе, Жұбанов оның жұмысына қатысты ұсыныстарын да айттып:
- қор және оның еншілес ұйымдары әрекетінің тиімділігіне сыртқы аудит жүргізіп, қорытындысын парламентте жариялауды
- қордың логистика, құрылыс, телекоммуникация, жер асты байлығын пайдалану, өңдеуші өнеркәсіп және тағы басқа салалардағы профильді активтерін кезең-кезеңімен нарықтық ортаға тапсыру (бірақ стратегиялық маңызды активтерді мемлекет бақылауында қалдыру)
- қорды орталықтандырылған холдинг ретінде кезең-кезеңімен трансформациялауды бастау, оның активтерін тиісті салалық министрліктердің тікелей басқаруына беру
- бір көзден сатып алудан кезең-кезеңімен бас тарту және қоғамдық бақылаумен қатар жүретін электронды, ашық тендерлік жүйені енгізуді
- халықаралық деңгейдегі кәсіби, тәуелсіз мамандар тартып, директорлар кеңесінің құрамын жаңартуды ұсынды.
Әділ Жұбанов қор жұмысына қатысты ұсынысын бұған дейін де айтқан. Жалпы «Самұрық-Қазынаны» реформалау туралы әңгіме осы жылдан басталды. Тоқаев жыл басында «қордың тағдырын ақпанда шешеміз» деген еді.
«Бұл маңызды міндет. Жұмыс жақсы жүріп жатыр деп айту қиын. Қордың қызметін ақпан айында арнайы талқылайтын боламыз», – деді ол.
Ал таяуда өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл ұсынысқа қарсылығын білдірді.
«Мен аудитор емеспін, бірақ ашық деректерге сүйенсек, бұл жүйе негізінен іске асқан деп айтуға болады. Егер қазір «Самұрық-Қазынаны» таратып жіберсек, не болады? «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», КТЖ, «Қазақтелекомды» кімге береміз? Салалық министрліктерге ме? Министр не болатынын өзі шешсін бе? Бұл жағдайда жүйелілік жойылып, бұдан да аз ашықтық болар еді», – деді ол.
Бірақ қорға қатысты Үкімет деңгейінде әлі нақты шешім қабылданған жоқ.