Әлемдегі ең қымбат ойыншық: Labubu мүсіні 150 мың долларға сатылды

Жарияланды 11 Маусым 2025 09:28

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Labubu Лабубу аукцион
Фото: Reuters

Бейжіңдегі аукционда Labubu ойыншығының адам бойындай мүсіні 150 мың долларға сатылды. Бұл – ойыншықтар әлеміндегі жаңа рекорд деп жазады Reuters агенттігі.

Көкшіл түсті, биіктігі 131 сантиметр болатын Labubu мүсіні сатып алушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, аукциондағы ең қымбат лот атанды. Аукцион ұйымдастырушысының айтуынша, бұл – әлемдегі жалғыз осындай мүсін.

Сондай-ақ шамамен 40 сантиметрлік үш Labubu мүсінінен тұратын жиынтық 70 мың долларға сатылды. Бұл топтама 2017 жылы «Үш дана Labubu» деп аталатын шектеулі сериямен 120 дана болып шығарылған. Жуырда дәл осы жиынтықтың бір данасы Гонконгтағы Sotheby’s аукционында 25 мың долларға саудаланған еді.

Аукционды әдетте заманауи өнер мен зергерлік бұйымдармен айналысатын Yongle International Auction компаниясы ұйымдастырды. Осы жолы Labubu ойыншықтарына арналған алғашқы толыққанды аукцион өткізді.

Labubu – соңғы бір жылда әлем бойынша үлкен сұранысқа ие болған, қытайлық Pop Mart компаниясы шығаратын тісті монстр мүсіндері. Оларды он жыл бұрын гонконгтық суретші әрі иллюстратор Касинг Лун ойлап тапқан.

Blackpink тобындағы вокалист ЛисаРианна мен Дуа Липа сияқты жұлдыздар Labubu ойыншығын сөмкелеріне тағып шыққаннан кейін көпшілік арасында ерекше танымал болып кетті. Ірі қалаларда көпшілік бұл ойыншықтар үшін кезекке тұрды.

Тіпті Қытай билігі банктерге Лабубу ойыншықтарымен клиент тартуға тыйым салды.

Сондай-ақ оқыңыз