Дуровтың өтірігі: Telegram ресейлік арнайы қызметпен байланысты болып шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Осы уақытқа дейін қауіпсіз деп танылған Telegram-ның ресейлік арнайы қызметпен байланысы бар боп шықты. «Важные истории» басылымының журналистері зерттеу жүргізіп, Дуровтың әлі де Ресеймен байланысы бар екенін анықтаған.

Тelegram-ның ресейлік арнайы қызметпен байланысы қандай

Telegram – әлемдегі танымал әлеуметтік желілердің бірі. Көпшілік арасында ол қауіпсіз, жеке деректер қорғалған сервис деген сипатқа ие. Бірақ іс жүзінде басқаша.

«Важные истории» редакциясы тілшілерінің жазуынша, Telegram серверлері мен трафигіне Global Network Management (GNM) компаниясы жауап береді. Ал ол компанияның иесі – Владимир Веденеев 2018 жылдан бері Telegram-ның қаржы директоры ретінде көрсетілген.

Веденеевтің ресейлік мемлекеттік кәсіпорындарға қызмет көрсететін «Глобалнет» компаниясына да қатысы бар. Нақты айтқанда, Ресей Президенті Істер басқармасының Бас ғылыми-зерттеу есептеу орталығына қызмет көрсетеді. Бұл мекеме ресми түрде Владимир Путиннің қатысуымен өтетін саммиттердің техникалық жабдықталуына жауап береді. Бірақ бейресми түрде Ресей Арнайы қызметінің мүддесі үшін жұмыс істейтін ұйым деп жазады журналистер.

Дәл осындай алгоритммен Веденеевтің басқа ресейлік кәсіпорындармен байланысын анықтаған.

«Важные истории» журналистерінің дерегінше, мессенджер трафигіне жауапты тұлға немесе ұйым IP-мекенжай, хабарламалар жіберілуіне дейін анықтай алады. Бұл тек ресейлік қана емес басқа елдердегі жүз миллиондаған қолданушылардың жеке дерегіне қауіп төндіреді деген сөз.

Дуровтың өтірігі

Тілшілер Павел Дуровқа қатысты тағы бір деректі анықтады. Ол 2014 жылы Ресей билігінің талаптарына көнбегенін айтып, елден кеткен еді.

«Артқа қайтар жол жоқ. Әсіресе, мен билікпен серіктесуден бас тартқаннан кейін», – деп мәлімдеген ол осыдан 11 жыл бұрын.

Сол уақыттан бері IT-кәсіпкер Дубайда, Еуропада тұрды. Он бір жыл ішінде бірде-бір рет Ресейге бармағанын, компания қызметкерлерінің шетелден жұмыс істейтіндігін айтқан еді. Бірақ «Важные истории» журналистерінің дерегінше, сол уақыттан бері кемінде 50 рет еліне келген.

Telegram-ның жауабы қандай?

Журналистердің зерттеуінен кейін, мессенджер өкілдері ресми жауап берді.

«Telegram барлық серверлері Telegram-ға тиесілі және оны Telegram қызметкерлері басқарады. Рұқсатсыз қол жеткізу мүмкін емес. Telegram-ның Ресейде не қызметкерлері, не серверлері жоқ. Telegram құрылған сәттен бастап үшінші тараптарға жеке хат-хабарларды бір де бір рет бермеген, ал оның шифрлауы бір де бір рет бұзылмаған», – деп жазылған ресми хабарламада.

Ал Дуровтың өзі бұл зерттеуге қатысты әлі пікір білдірмеді.

Осы көктемде Павел Дуров телеграмды айына миллиард адам қолданатынын айтқан еді. Былтыр желі 547 млн доллар пайда тапқан.

Сондай-ақ оқыңыз