
Әнші, «МузАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет пен келіні Әдияның көпшілік асыға күткен үйлену тойы басталды. Салтанатты шара Алматыдағы Royal Tulip мейрамханасында өтіп жатыр. Ал тойды тікелей эфирден тамашалауға 5800-ден аса адам тіркелген.
Шараны ұйымдастырушы – белгілі продюссер Жан Мұқанов агенттігі. Тойға 800-ден аса адам шақырылған.
Тікелей эфирді журналист Анна Данченко мен асаба Әзімбек Байлин жүргізіп, қонақтарды да қарсы алды. Данченконың сөзінше, тойда мобилографтар, операторлар болмайды. Желі қолданушылары оны тек тікелей эфирден ғана көре алады.
Тікелей эфирде алғашқы болып Кенжебек Жанәбілов пен жұбайы Жамилә Төлегенова қонақ болып келді. Одан кейін қызыл кілемде отбасымен әнші Нұрлан Еспанов та көрінді.
«Сәкеннің қуанышы қазақтың қуанышы, оны барлық қазақ көруі керек. Мен қуанып отырмын. Бұл тұңғыш рет болып жатыр. Керемет, бұл сәтті түсіргендеріңізге қуаныштымын», – деді ол эфирде тойды ақылы ету туралы.

Той эфирін тікелей эфирде ақылы ету деген идея көпшілікке ұнай қоймады. Желі қолданушылары Майғазиевтен мұндайды күтпегенін айтып, бұл тірлікті халық адамының «атына сай емес» деп сынады.