Ұлттық банктің Антифрод орталығы 60 мыңнан аса қаржылай алаяқтық тіркеді

Елдің қаржы нарығында ең жиі кездесетін қаржы алаяқтық түрі – телефон арқылы жасалатын алаяқтық (22%), жалған инвестиция мен «дропперлік» карталарға қатысты операциялар (19%). Бұл туралы Ұлттық банкі мен «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ құрған Антифрод-орталығынан хабарлады.
Жаңа құрылған орталық алаяқтықпен күресу үшін банктерді, құқық қорғау органдары мен байланыс операторларын біріктіреді. Жұмысын бастаған он ай ішінде 2,5 млрд теңгеден астам шығынның алдын алды.
Қазір Антифрод-орталықтың 200-ден астам қатысушысы бар. ҚҰБ Төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленовтің айтуынша, орталық жасанды интеллект көмегімен алаяқтардың схемаларын алдын ала болжауды жетілдіреді.
«Алаяқтыққа қарсы күресті тиімді жүргізуге экожүйелік тәсіл қажет. 10 ай ішінде біз негізгі іргетас – жедел дерек алмасу платформасы мен жалпыұлттық сұр және қара тізімдерді қалыптастыру механизмін құрдық. Алдағы уақытта жасанды интеллект технологиялары негізінде сессиялық және транзакциялық антифрод жүйелерінің жаңа даму кезеңін іске қосуды көздеп отырмыз», – деді ол.
Осы жылдағы дамыту бағдарламасының аясында антифрод бойынша пилоттық жоба іске қосылмақшы. Қаржы нарығындағы қолданушылардың қосымшаларындағы мінез-құлық белсенділігі кең көлемді деректер негізінде талданады. Сол деректерге талдау жасап, төлем немесе аударым жасалғанға дейін алаяқтық әрекеттерді анықтауға мүмкіндік бар.
«Бұл ретте дербес деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бұдан әрі алаяқтық транзакцияларды дер кезінде анықтап, оларды банктер арасындағы операциялар деңгейінде бұғаттауға мүмкіндік беретін транзакциялық антифродты ұлттық төлем жүйелері деңгейінде енгізу жоспарланып отыр», – деп жазылған хабарламада.