Байланыс операторлары алаяқтар нөмірін бұғаттауға міндетті

Жарияланды 11 Маусым 2025 12:19

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Киберқылмыскерлер стейблкоин саудасын Telegram арқылы жүргізген / фото: REUTERS
Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары алаяқтар нөмірін бұғаттайды / фото: REUTERS

Мәжіліс депутаттары қаржы нарығын дамыту, тұтынушы құқықтарын қорғауды көздейтін түзетулерді қабылдады. Енді Қазақстандағы байланыс операторлары алаяқтардың нөмірін бұғаттауға міндетті болады.

Сенаторлар енгізген ұсыныстарды парламенттің төменгі палатасы сәрсенбі, 11 маусым күні бірауыздан мақұлдады.

Енді ұялы байланыс операторлары алаяқтар қолданған телефон нөмірлерін бұғаттап, мәліметті Ұлттық банктің тиісті мекемесіне өткізуге тиіс. Бұған қоса, операторлар алаяқтыққа қатысы бар нөмірлерді уақытша өшіруге міндетті.

Заң жобасы бір адамға 10-нан астам телефон нөмірін тіркеуге, лицензиясы жоқ құрылғыны пайдалануға тыйым салады. Құжат қаржыға қатысты алаяқтықпен күресті күшейтуді көздейді.

Мәселен, заң кредит бойынша берешегі бар азаматтарға коллекторлардың түнде, сонымен бірге демалыс, мереке күндері телефон шалуына тыйым салады. Шағын және орта бизнес өкілдерінің несие алуы жеңілдейді.

Сонымен бірге, заң ережелері кредитті мерзімінен бұрын жауып тастағандарға айыппұл салуға тыйым салады. Онлайн несие беру шарттары да өзгеріске ұшырайды. Мысалы, қаржы ұйымдары кредит өсімпұлын дәлме-дәл көрсетуге тиіс. Бұған қоса, алғаш рет кредит алатын азамат қаржы мекемесіне өзі баруы керек. Алаяқтар рәсімдеген кредитті банк өзі төлейді.

Заң жобасына елдегі бірқатар қаржы ұйымдары қарсы шыққан. Сенат құжат жобасын Мәжіліске жетілдіруге қайтарған. Енді төменгі палата сенаторлар енгізген ұсыныстарды мақұлдап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз