Маск президент Трампты айыптағаны үшін кешірім сұрады

Әлемнің ең бай адамы Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трампты айыптағаны үшін өкінетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің X әлеуметтік желісіне жазды.
SpaceX және Tesla компанияларының қожайыны «тым артық кеткенін» мойындады.
«Мен президент (Дональд Трамп) туралы өткен аптада жариялаған кейбір жазбалар үшін өкінемін. Тым артық кеттім», — деп жазды кәсіпкер.
Трамп пен Маск өткен аптада әлеуметтік желілерде жанжалдасты. Дау миллиардердің президенттің салық туралы заң жобасын «жиіркенішті нәрсе» деп сынауынан басталған. Содан бірнеше күн бұрын Маск Ақ үйдегі жұмыстан кеткен.
Бұған қоса, миллиардер АҚШ президентіне импичмент жариялау идеясын қолдап, жаңа партия құрғысы келетінін айтқан. Одан қалды, кәсіпкер президенттің есімі адам саудасына қатысты айыптармен сотталған Джеффри Эпштейннің ісінде аталады деген. Миллиардер жазбалардың кейбірін кейін өшіріп тастаған, бірақ президенттің ашуына тиіп үлгерген.
Трамп миллиардерді «ақылынан адасты» деп айыптап, оның Tesla электромобилін алуға міндеттейтін бұйрығының күшін жойған. Президент оның көліктерін «ешкімге қажеті жоқ» өнім деп атаған. Бұған қоса, Маскті Құрама Штаттардан шығару мәселесі де сөз болған. Тіпті әлемнің кейбір елі оған азаматтық беруге келісіп үлгерген.