
Nintendo бар болғаны төрт күннің ішінде 3,5 миллион Switch 2 ойынын сатып, рекорд жаңартты. Жапон компаниясы сегіз жылда бірінші рет жаңа консоль шығарып отыр. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Сауда қалай өтіп жатқаны туралы мәліметті компания сәрсенбі күні жариялады. Nintendo бір жылдың ішінде 15 млн ойыншық сатуды жоспарлап отыр. Switch 2 консолін төрт күннің ішінде талап әкеткеніне қарағанда, мақсат артығымен орындалатын сияқты. Сауда сарапшылары да солай дейді.
Енді жапон компаниясын бір ғана қиындық күтіп тұр: Nintendo өсіп бара жатқан сұранысты дер кезінде өтей алуы тиіс. Тіпті компания президенті Шунтаро Фурукава ойыншық жетпей қалған тұтынушылардан кешірім сұрауға мәжбүр болған. Киотода орналасқан компания әріптестерінен өндірісті тездетуді талап етті.
Фурукаваның айтуынша, компания тауар бағасын көтеруі мүмкін. Алайда ол АҚШ президенті Дональд Трамптың баж салығына қатысты әрекетіне байланысты болады.
Ал әзірге ойын автоматы 450 доллардан сатып жатыр. Токио, Нью-Йорк секілді әлемнің ірі қалаларында консоль саудаға шығатын күні адамдар ұзын-сонар кезекке тұрды. Жаңа өнімге қолы жеткен азаматтардың қуанышында шек болмады.
Алғашқы Switch ойыны 2017 жылы шыққан. Ол 150 млн тиражбен таралған. Сол кезде Nintendo-ға бәсекелесетін компания табылмаған. Жаңа ойынды жасау 2019 жылы басталып, алты жыл дегенде саудаға түсті. Switch 2 өткен аптаның бейсенбісінде сатыла бастады.
Бұған дейін біз Nintendo сауда соғысына байланысты Switch 2 бағасын көтеруі мүмкін екенін жазғанбыз.