Сауда соғысы аяқталды: Трамп АҚШ пен Қытай келіскенін мәлімдеді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп АҚШ пен Қытай келісті деп мәлімдеді / фото: REUTERS/Jason Lee
Дональд Трамп АҚШ пен Қытай келісті деп мәлімдеді / фото: REUTERS/Jason Lee

Әлемнің екі ірі экономикасы – АҚШ пен Қытай сауда мен салыққа қатысты ортақ келісімге келді. Бұл туралы Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп өзінің Truthsocial әлеуметтік желісіне жазды.

«Қытаймен арадағы келісім аяқталды. Енді оны мен және төраға Си бекітеді», – деп жазды Трамп.

Президент екі ірі ел арасындағы сауда келісімінің кейбір маңызды тұстарын да жариялады.

«Магниттер, сирек кездесетін элементтердің түр-түрін Қытай бірден жеткізіп тұрады. Бұған қоса, біз Қытайға келісім бойынша сұрағанын береміз. Оның ішінде біздің колледждер мен университеттерде оқитын қытай студенттері де бар», – деп мәлімдеді президент.

Сауда соғысы қызған тұста Трамп қытай студенттеріне Құрама Штаттарға кіру үшін виза беруді тоқтатқан еді.

Сонымен бірге Вашингтон мен Бейжің баж салығына қатысты ортақ келісімге келген. Атап айтқанда, АҚШ қытай тауарына баж салығын 145%-дан 55%-ға дейін түсіреді. Ал Қытай болса америкалық тауарға салынатын баж салығын 125%-дан 10%-ға дейін азайтады.

«Қарым-қатынас керемет! Осы мәселеге назар аударғаныңызға рақмет!» – деп түйіндеді Трамп.

Мұндай өзгеріс әлем экономикасына оң әсер етері анық. Себебі Дүниежүзілік сауда ұйымы, инвесторлар да әлемнің екі блокқа бөлінуінен қауіптенген.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптаның бейсенбі күні Дональд Трамп пен Си Цзиньпин телефонмен сөйлесті. Ал осы аптада екі елдің делегациялары Лондонда келіссөз жүргізді.

Құрама Штаттардан келіссөздерге қаржы министрі Скотт Бессент, сауда министрі Говард Лютник және сауда өкілі Джеймисон Грир қатысты. Қытай делегациясын вице-премьер Хэ Лифэн бастап барды. Әлемнің екі ірі экономикасы екі күн ішінде ортақ келісімге келді.

2025 жылғы сәуірдің басында Трамп Қазақстан тауары үшін де баж салығын 27%-ға дейін көтерген. Кейін ресми Астана Құрама Штаттармен сауда келіссөзін жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Келесі аптада Си Цзиньпин Астанаға келеді.

Сондай-ақ оқыңыз