Ташкент Ресейден еңбек мигранттарын құрметтеуді талап етті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ресейде еңбек мигранттарына қарсы тексеру Өзбекстан билігінің сынына ұшырады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Ресейде еңбек мигранттарына қарсы тексеру Өзбекстан билігінің сынына ұшырады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Ресейде жүрген ел азаматтарына қысым көрсетіліп жатқанына алаңдайды. Соған байланысты Ташкент Мәскеуден еңбек мигранттарын құрметтеуді сұрады.

10 маусым күні Өзбекстан СІМ Ресейдегі көші-қон мәселелері бойынша кезекті ай сайынғы кеңесін өткізді.

«Біз Ресей аумағында заңсыз тексерулерді, Өзбекстан азаматтарына құрметсіздік пен дөрекілік көрсеткені туралы мәліметтерді атап өттік. Біз мұндай жағдайдың екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа қайшы екенін, дөрекі әрекетке жол бермеудің нақты шаралары қажет екеніне назар аудардық. Өзбекстан шетелде тұратын азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғайды», – деп мәлімдеді СІМ.

Бұған қоса, Өзбекстан елшілігі Ресей сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын жолдап, Мәскеудегі тексерулерді түсіндіруді талап етті.

Мәліметтерге қарағанда, 8 маусымда Мәскеу қаласында еңбек мигранттарына қарсы рейд ұйымдастырылған. Ташкент арнайы жасақтың «шетел азаматтарына күш көрсеткенін» айтып отыр. Рейд барысында құжаттары дұрыс емес алты адам ұсталды.

Тексеру кезінде түсірілген видео әлеуметтік желілерде таралып, көпшілік арнайы жасақтың дөрекі әрекетін сынаған.

Сондай-ақ оқыңыз