Шымкенттегі Дендросаябақта кітапхана салынып жатыр

Жарияланды 12 Маусым 2025 08:01

Дилара Иса

Дилара Иса

Автор
Шымкенттегі Дендросаябақта кітапхана салынып жатыр / Фото: Шымкент әкімдігі
Шымкенттегі Дендросаябақта кітапхана салынып жатыр / Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкенттегі А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта кітапхана құрылысы жүріп жатыр. Саябақ әкімшілігі бұл үшін бюджеттен бір тиын ақша бөлінбейді, бір түп ағаш та кесілмейді деп сендіреді. Кітапхана демеушілердің есебінен салынғанымен, мемлекет меншігіне өтеді.

Қаланың жүрегіне айналған саябақта заманауи әмбебап кітапхана мен шахматшылар үйі құрылысының басталғанына екі айдан асты. Дендрологиялық саябақ директоры Есдәулет Достиярдың айтуынша, кітапхана орнында онда тозығы жеткен ескі ғимарат пен субұрқақ болған. Бұл кітапхана саябаққа келушілерден бөлек саябақ қызметкерлері үшін де маңызды. Себебі дендрологиялық саябақ ғылыми бағытта жұмыс істейтін мекеме.

Шымкенттегі Дендросаябақта кітапхана салынып жатыр / Фото: Шымкент әкімдігі
Шымкенттегі Дендросаябақта кітапхана салынып жатыр / Фото: Шымкент әкімдігі

«Жоба демеушілердің есебінен орындалады. Саябаққа зиян келмейді. Бір түп ағаш кеспейміз. Қазіргі таңда металл құралыстырылым жұмыстары аяқталды. Енді сыртын қаптау, ішкі әрлеу, шатырын жабу жұмыстары жүргізіледі», – дейді Достияров.

Жоба бойынша кітапхана аумағы 380 шаршы метр, ал кітапханаға қарама-қарсы бетке түсетін шахматшылар үйі 50 шаршы метр шамасында болады. Саябаққа келушілер бір сәт демалып, шөліңді қандыратын шәйхана да салуды ұсынған. Жоба дайындалғанда бұл да ескерілген. Салынатын шәйханада тек сусындар, дайын кофе, шәй, тіскебасарлар сатылады. От жағылмайды, газ тартылмайды.

«Кітапхана, шахматшылар үйі мен шәйханада өрт қауіпсіздігі қатаң сақталады. Бұл үшін мемлекеттен бір тиын ақша бөлінбеген. Жобаға кәсіпкерлер демеуші болып жатыр. Жалпы жоба құны 170 миллион теңге. Бірақ ғимараттың бәрі Дендрологиялық саябақтың меншігінде болады», – дейді саябақ директоры.

Шымкенттегі Дендросаябақта кітапхана салынып жатыр / Фото: Шымкент әкімдігі
Шымкенттегі Дендросаябақта кітапхана салынып жатыр / Фото: Шымкент әкімдігі

Алдын ала жоспар бойынша кітапхананы кез-келген адам пайдалана алады, оған ешқандай шектеу болмайды. Достияровтың айтуынша, Дендрологиялық саябақтың өзі жайлы орын. Саф ауасы бар, ағаштардың өзі керемет. Енді оған кітап оқитын орын қосылады.

Достияров қаланың жүрегіне айналған саябаққа бұл жоба қауіпті деп алаңдауға негіз жоқ дейді. Ал кітапхана құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.

Айта кетейік, Дендрологиялық саябақтың жалпы көлемі 117 гектар. Онда 214 түрлі 74 мыңнан аса түп ағаш өсіп тұр. Саябаққа айына шамамен 6 мыңнан аса адам келеді. Оны күтіп ұстауға жылына бюджеттен 680 миллион теңге шамасында ақша бөлінеді.

Сондай-ақ оқыңыз