Бәрін «адам өлтірді» деп жауапқа тарту мүмкін емес – Шерзат ісіне қатысқан адвокат

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Айтбек Амангелді мен адвокаттардан тұратын командасы Шерзат ісін талқылады/фото: видеодан скриншот

Шерзат Полаттың ісі бойынша сот үкімі шыққаннан кейін, марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова істің не себепті сотта «адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру» бабы бойынша қаралмағанын айтты. Оның сөзінше, бұл – сотқа дейін жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған адвокаттардың әрекетінің салдары.

Айта кетейік, бастапқыда іс бойынша өзін құқық қорғаушы деп таныстырып жүрген Айтбек Амангелдінің (бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некеде болған әйелі марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы – ред.) командасы Нұрымовтар отбасының мүддесін қорғаған. Бұл қатарда Саида Таукелова, Карина Көшербаева, Ерлан Адаев және Асылбек Әбдірайымов бар.

Алайда Нұрымовтар отбасы сот басталуға бірнеше күн қалғанда бұл адвокаттардан бас тартты.

Сот үкімі шыққаннан кейін Айтбек Амангелді мен іске қатысқан бір топ адвокат журналист Назымгүл Күміспаеваның YouTube каналына сұхбат берді.

Адвокаттардың айтуынша, күдіктілерге айып тағу үшін алдымен дәлелдеме жинап, олардан жауап алынады. Ал ол үшін уақыт керек. Нақты айып сот-медицианалық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін ғана тағылады. Саида Таукелова сараптама қорытындысы кемі 40 күннен кейін шығатынын айтты. Адвокат Карина Көшербаева сұхбат барысында сараптама қорытындысы 2024 жылдың 20 қарашасында шыққанын айтты. Алайда адвокаттар «бір адамға ғана «кісі өлтіру» бабы бойынша айып тағылғанын қашан білдіңіздер» деген сұраққа нақты жауап бере алмады. Олар қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп мұндай ақпаратты көпшілікке жариялай алмадық деп отыр.

«Тергеу жүргізілді және нақты бір адамның басқа адамды өлтіру ниеті болғанын анықтады. Себебі ол салдарын түсініп, қолында пышақ болғанын айтып отыр, әрі сол пышақты сұққан. Кез келген адам басқа адамның кеуде тұсына пышақ сұқса, оның өмірі үшін маңызды ағзасына жарақаттауы мүмкін екенін түсінеді. Адам қан жоғалтудан немесе басқадан қайтыс болады. Ал басқа адам оны жұдырықпен ұрып жатқанын түсінеді. Енді бірі басқа затпен ұрады. Бұл – бұзақылық. Бәрін «кісі өлтірді» деп жауапқа тарту мүмкін емес», – дейді адвокат Асылбек Әбдірайымов.

Ал адвокат Карина Көшербаева Перизат Нұрымованың сөзін жоққа шығарып, мұны іске кейіннен қосылған адвокаттардың қателігі деп атады.

«Біз сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тек қолжетімді материалдармен ғана таныса алдық. Заң аясында барлық материалмен толық танысу мүмкіндігі бізде тек тергеу аяқталған соң пайда болды. Дәл сол танысу сатысында күдіктілердің әрекеттеріне берілген құқықтық баға (қылмыстық саралау) соңғы томдарда көрсетілген және ол бірнеше рет өзгертілген.

Егер дәл сол кезде Қаржаубай бізбен бірге осы танысу сатысында жұмыс жүргізгенде, біз бұл мәселені талқылап, түсіндіріп, көрсете алатын едік. Мысалы, жаңа және ескі қылмыстық саралау туралы қаулылар бар, олар үнемі өзгеріп отырды. 13 қаңтарда шыққан жаңа қылмыстық саралау қаулысында әрбір фигурантқа қатысты нақты баға берілген: бірі – адам өлтіру бойынша, екіншісі – бұзақылық бойынша, енді бірі басқа баптар бойынша сараланған.

Бірге жұмыс істеуді жалғастырған жағдайда, біз осыған назар аударып, талқылап, стратегия құрып, жәбірленушінің бұл саралаумен келісетінін не келіспейтінін анықтап, прокуратура ұстанымына қарсы шағым-өтініштер бере алатын едік. Бірақ Қаржаубай келмеді, біз онымен танысу сатысын бірге пысықтамадық. Бұл кезеңде басқа адвокаттар қосылып, материалдармен танысқан, сондықтан бұл енді олардың міндеті болды деуге болады», – дейді Карина Көшербаева.

Айта кетейік, Шерзат ісі бойынша 9 адамға сот үкімі шықты.

Сондай-ақ оқыңыз