Жаркентте қаза тапқан әскеридің ата-анасы айыпталушыларды өмір бойына соттауды сұрады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дархан Дәулет ата-анасы соттан әділ шешім күтетінін айтты/фото: kursiv.media/Айгерім Таубай

Жаркенттегі әскери гарнизонда қаза тапқан капитан Дархан Дәулет қазасы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 2025 жылдың 11 маусымында сотта жәбірленушілерден жауап алынды. Сотта марқұмның ата-анасы мен қарындасы сөйледі, деп хабарлайды KursivMedia тілшісі сот залынан.

Істің мән-жайы

Марқұм Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркентке инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан.

2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.

Іс Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта қаралып жатыр.

Сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.

«Қол-аяғы көгеріп, басы жарылған»

Марқұмның әкесі Нұрлан Мақаевтың соттағы жауабы:

…Баламыз Отардан Жаркент қаласына ауысты. Балам енді үйленемін деп жүрген. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін, баладан айырылу деген өте қиын нәрсе екен. Халыққа қызмет етсін дедім, басқа ойым болған жоқ. Өзіміз шаруа баққан, мал баққан қарапайым адамбыз.

Қол-аяғын байлап, аузына қолғабын тығу деген мұсылманшылыққа сыймайды. Не ойлағанын бұл жігіттердің… Бұлар зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер ғой. Дархан Қазтайға не жоқ? Менің баламнан 10 жас үлкен.

Сот мырза, саралап, әділ шешім шығарасыздар деп сенемін.

13 қарашада түскі 12-де баламмен сөйлестім. «Бүгін нарядқа түсемін, көке, бүгін ответственный боламын» деді. Сөйлескенім сол болды. Ертең сағат жеті жарымда әскерилер келді. Бекер келмегенін білдім. Командир тұрды да «оқыс жағдайда балаңыздар айырылып қалды» деді. Оқыс жағдай деген соң минаға түсіп, қаза болды ма дедім. «Бала қайда?» деп едім, полкте жатыр деді. Екі көршімді ертіп бардым. Баламды жатқызып қойған екен, екеуіне «шешіңдер» дедім. Қол-аяғы көгерген, шекесі, басы жарылған. Буындырған ғой, мойны көгерген.

бұлар отырсын, өмір бойы отырсын. Көрсін. Бастары бар ғой, қолғап тығатын кезде ойлануы керек еді. Ол мал емес қой апарып шұңқырға тастай салатын. Ол білдей капитан. Капитан болмаса, сарбазды солай өлтіре бере ме бұйрық берілді екен деп… Дархан Қазтай құдай емес қой… Кешірім деген әңгіме жоқ. Алла кешірсін, кешірсе… Адамның қанын жүктеп отыр. Артында үйленіп, бала-шағасы қалса… енді үйленемін деп жүргенде үмітін үздіңдер.

Дархан Дәулет ісінде сот тергеуі жалғасып жатыр/фото: kursiv.media

«Қолдары қанға боялды»

Марқұмның анасы Назгүл Дошибекованың соттағы жауабы:

Біздің мемлекетімізді қорғайтын армияда баламды сарбаздар Қазтайдың бұйрығымен о дүниеге аттандырып отыр. Әскери орын әркім өзінің міндетін білетін, қатаң тәртіп болатын жер ғой. (…) Майор білімсіздігінің салдарынан осындай бұйрық беріп отыр. Үкімет сарбаздарды осы кісіге тапсырып отыр, ол керісінше жаман пиғылын іске асырып отыр. Ер ретінде, адам ретінде ол әрекетін мойындамай отыр. Біздің баламызды өлтірді. Қолдары қанға боялды. Енді соны елдің алдында, біздің алдымызда мойындамай ма? Қолымен істегенін мойнымен көтерсін, әділ жазасын алсын. Ешкім ешкімнен артық емес.

…Осы уақытқа дейін бізді де тоздырдыңдар. Біздің баламыздың түбіне жеттіңдер, енді біздің түбімізге жетпеңдер. Істеген істеріңді мойындаңдар. Біреуді байқамай қағып кетсең сол абайсыз жасалған әрекет. Ал бұл алдын ала ұйымдасқан қылмыс. «Масканы тақ, киіміңді ки, жіпті ал…» деген соң болды ғой. Аң ұстағандай қолын қиып кетіпті.

Сотталушылар қалай әрекет еткен?

Марқұмның қарындасы Тоғжан Дәулеттің сөзінше, Дархан Дәулет 23:30 шамасында ротаны тексеріп шыққан. Бақберген Рустамұлы көңілін аударып тұрған, қалған екеуі артынан бас салған. Аят Шакир қол-аяғын қайырып байлаған, Нұрман Әбсадық қимылдамауы үшін үстіне жатып алған. Үшеуі сол жерде сап алаңында әрі-бері тасып жүрген.

Әскери қалашықтың шетінде шұңқыр бар екен, Дарханды сол жерге лақтырған. Жолда Дархан көмекке шақырған, ешкім көмектеспеген. Сол кезде Аят Шакир Дарханның қолындағы былғары қолғабын шешіп алып, Бақберген Рустамұлына берген. Ол аузына тыққан. Шакир сол кезде үстіндегі спорт киімінің бауын шешіп алып, аузын байлаған.

Сондай-ақ оқыңыз