«Әскери екеніңді біліп қоймасын»: капитан Дархан Дәулет ісінде жаңа деректер шықты

Жаркенттегі әскери гарнизонда кісі қолынан қаза тапқан капитан Дархан Дәулеттің қазасы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 2025 жылдың 10 маусымында сотта айыпталушылардан жауап алынды.
Істі Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарап жатыр. Сотталушылар қатарында 4 адам бар.
Бір майор мен үш сарбазға қылмыстық кодекстің 439-бабы 3-бөлігі (алдын ала ұйымдасқан қылмыс, адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған күш қолдану әрекеттерi адам өліміне әкеп соққан жағдай) негізінде айып тағылған.
«Қалтасына жіп салып дайындалған»
Марқұмның қарындасы Тоғжан Дәулет сотталушылардың жауаптары бір-біріне сәйкес келмейтінін айтты.
«Дархан Қазтай сотта жауап берді. Оған «әскери жарғыны білесіз бе?» деген сұрақ қойылды. Ол кісі нақты жауап бере алмады. Сол күні «бұйрықты бердім, КПП-дағы (контрольно-пропускной пункт) нарядтағылар мен патрульді ұстаңдар деп айттым» дейді. Ал қалған сотталушылар ол бұйрықты жоққа шығарып отыр, «бізге берген бұйрығы басқа» дейді. Шакир Аят «бізді кешкі алтыда кабинетке шақырып алды. Үстеріңе спорт киімін киіңдер, беттеріңе маска тағыңдар, әскери адам екендеріңді киімдеріңнен біліп қоймасын, қастарыңа 4-5 адам алыңдар деп айтты» деді. «Іс-әрекет қандай болуы керек?» дегенге «адамды шеніне қарамай ұстайсыңдар, аяқ-қолын байлап, дауысын шығармай, тысқары жерген тастауларың керек» деп айтқанын жеткізді. Бұйрық берген адам мен оны орындаған адамның жауабы бір-біріне сәйкес келмеді», – дейді марқұмның қарындасы.
Сөзінше, сотталушы Нұрман Әбсадық орта жолдан қосылған. Қайғылы оқиға болардың алдында рота бойынша барлығы дөнерге тапсырыс берген. Сол күні рота бойынша кезекші сержант Инабат Абимолда оны дөнерді алып келу үшін сыртқа шығарған. Түнгі 11-де шығып, дөнерді алып келген. Сол кезде ротаны марқұм Дархан Дәулет тексеріп жатқан. Олар дөнер ұстап ішке кіре алмай тұрған. Сол кезде Шакир Аят пен Бақберген Рустамұлы «майордың бұйрығын орындағалы жатырмыз, жүр» деп ұсынған. Оған дейін екеуі басқа сарбаздарға да ұсыныс жасаған, бірақ олар қабылдамаған. Тек Нұрман Әбсадық өз еркімен қосылған.
Тоғжан Дәулет мұндай іс-әрекеттің мақсатты түрде марқұм Дархан Дәулетке бағытталғанын айтады.
«Батальон кезекшісі сержант Инабат Абимолда болған. Рустамұлы барып «бізге майор Қазтай осындай бұйрық берді және оны телефонға түсір деді» деп, телефон сұраған. Сол кезде Абимолда «КПП-дағы кезекшіні ұстамаңдар, ол менің досым, басқа тексерушілерді ұстасаңдаршы» деп айтыпты. Абимолда тексеруші ағам Дархан екенін біліп, соған қарай нұсқап отыр», – дейді Тоғжан Дәулет.
Айтуынша, марқұм сол күні әскери формада болған, киімінен капитан екені көрініп тұрған.
Қазір сотталушылар тағылған айыпқа келіспей отыр, олар мұны абайсызда жасадық деген.
«Бұл қасақана әрекет. Аят Шакир алдын ала жіп дайындаған, оны қалтасына салып алған. Содан кейін «ұйымдасқан» дегенге келіспей отыр. Бірнеше адамға ұсынып, соңында Нұрман Әбсадықты ертіп алып тұр. Қасақана ұйымдасқан деген қалай келіспейді? «Байқамадық, кім екенін көрмедік, ол кезде түн болды» дейді. Ол жерде бір қараңғы, бір жарық болған», – дейді Тоғжан.
Сөзінше, қазір Дархан Қазтай тек қылмыстық кодекстің 451-бабында «билікті асыра пайдалану» көрсетілген әрекетті ғана мойындап отыр.
«Тірі алып қалуға тырыстым»
Тоғжан Дәулеттің сөзінше, марқұм Дархан Дәулет сол күні 23:30 шамасында ротаны тексеріп шыққан. Бақберген Рустамұлы көңілін аударып тұрған, қалған екеуі артынан бас салған. Аят Шакир қол-аяғын қайырып байлаған, Нұрман Әбсадық қимылдамауы үшін үстіне жатып алған. Үшеуі сол жерде сап алаңында әрі-бері тасып жүрген.
Әскери қалашықтың шетінде шұңқыр бар екен, Дархан Дәулетті сол жерге лақтырған. Ал сарбаздардың үстінде спорт киімі болған.
Сотталушы Дархан Қазтай сотта оқиға болған күні әйелінің туған күні үшін жұмыстан ерте кетіп қалғанын айтты. «Иә, сол күні тапсырма беріп отырмын. Жұмыстан ертерек кетіп қалдым ғой. Бірақ өзім қадағалай алмадым» деді ол берген жауабында.Сондай-ақ марқұмға қатысты сұраққа «барынша тірі алып қалуға тырыстым» деді.
Сотталушы Дархан Қазтай: Мен бұларға (үш сотталушы сарбаз) диверсанттың рөлін ойна деген жоқпын. Мен диверсантты ұста дедім. Қате түсініктері бар болып тұр ғой. (…) КПП-ға барыңдар дедім. Шарбақтан диверсант секіріп түсетін болса… Мен бұларға маска тақ деп айтқан жоқпын.
Судья: Маска ки, киіміңді ауыстыр деп айтқан жоқсыз?
Сотталушы Дархан Қазтай: Жоқ, киімді нақтылап, белгілеп айтқан жоқпын.
Жауап алу барысында «үш сарбазға аяқ-қолын байлап, апарып таста деген бұйрық бергеніңізді мойындайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Сотталушы «жоқ, мойындамаймын» деп жауап қайырды.
«Менің тапсырмамнан ауытқып, рота бойынша кезекшінің тапсырмасын орындап кеткен», – дейді сотталушы Қазтай.
Рота бойынша кезекшінің соттағы жауабы келесі материалда жарияланады.
Айта кетейік, қылмыстық істің мән-жайын мына жерден оқи аласыздар.