Автопарк 8 жасар Алуа мен оның бауырларының өмір бойғы шығынын мойнына алды

Астанадағы автобус апатынан зардап шеккен 8 жасар Алуа Бекен мен оның бауырларының өмір бойғы күтімін автобус паркі өз мойнына алды. Бұл туралы Алуаға арнап ашылған help.aluabeken парақшасында хабарланды.
Парақшада жарияланған ақпаратқа қарағанда жәбірленушілер мен автопарк басшысы Мадияр Тоқпатов арасында болған әңгіме эмоционалды тұрғыда ауыр болған. Өйткені автопарк басшысы оқиға үшін жауапкершіліктен жалтармастан, отбасының қайғысына адамгершілікпен қараған.
Мадияр Тоқпатов жол апатына кінәлі автобусқа иелік ететін №1 автопарк Алуа мен оның төрт бауырына өмір бойына лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасайтынына кепілдік берген.
Қазіргі уақытта жол апатынан зардап шеккен отбасы заңгерлер мен экономистерді тартып, Алуа мен анасы Махаббаттың өміріне жететіндей шығынды есептеп жатыр.
«Келісіміміз заңдық түрде бекітілгенін әрі әкімшілік қандай көмек көрсеткенін өздеріңізге жеткізіп отырамыз» делінген парақшадағы ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Астана әкімдігі Алуаның отбасына пәтер беріліп, 29,6 млн теңге көлемінде өтемақы тағайындалғанын хабарлаған.
Жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі қамауға алынған.