Автопарк қос аяғынан айырылған Алуаға берген уәдесінен тайқып кетті

Астанадағы автобус апатынан зардап шеккен 8 жасар Алуа Бекен мен оның бауырларының «өмір бойғы күтімін мойнымызға аламыз» деген автобус паркі уәдесінен айнып қалды.
Алдымен Алуаны қолдауға арналған арнайы парақшада адамдар берген уәдесінен айнып қалып жатқанын туралы жазба жарияланды. Алайда онда ешкімнің аты аталмады Бірақ жазбадағы әңгіме ауанынан сөз автопарк уәдесі туралы болып отырғанын ұғу қиын емес.
«Құлыншағым қазір оның жайлы болашағы үшін қандай күрес жүріп жатқанын, жоғары лауазымды мырзалар бірінші әдемі уәде беріп, 12 сағаттан кейін сөздерінен толықтай айнып қалып жатқанын білмейді», – делінген парақшадағы жазбада.
Парақшада барлығын екінші тарап жария хабарлағаннан кейін жайып салатыны айтылған.
Артынша автопактің уәдесінен айнығанын KursivMedia тілшісіне Алуаның ағасы Бақтияр растады.
Бұған дейін, Алуа Бекен мен оның бауырларының өмір бойғы күтімін автобус паркі өз мойнына алғанын хабарлағанбыз.
Естеріңізге сала кетейік, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Астана әкімдігі Алуаның отбасына пәтер беріліп, 29,6 млн теңге көлемінде өтемақы тағайындалғанын хабарлаған.
Жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі қамауға алынған.