Электронды сауда көлемі 3,2 трлн теңгеге жетті

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда электрондық сауда көлемі шамамен 3,2 трлн теңгеге жетіп, бөлшек сауданың 14,1%-ын құрады. Бұл көрсеткіш соңғы төрт жыл ішінде 5 есе артқанын көрсетеді.
«Бізде өсім әлеуеті зор — цифрлық қолжетімділік жоғары, финтех дамыған, 8 миллионнан астам жас әрі белсенді қолданушы бар. 2029 жылға қарай электрондық сауданың үлесін 18,5%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз», — деді вице-министр Әсет Нүсіпов.
Жаһандық трендке сай даму
Электрондық коммерция – бүгінде бүкіл әлемде ең қарқынды дамып жатқан салалардың бірі. 2024 жылы жаһандық электрондық сауда нарығының көлемі 6,3 трлн АҚШ долларына бағаланған. Бұл көрсеткіш жақын жылдары 8,3 трлн долларға жетуі мүмкін.
Цифрлық сауда шағын және орта бизнеске шекарадан тыс нарықтарға шығуға мүмкіндік беріп, сауда инфрақұрылымының жаңғыруына жол ашады. Бүгінде әлем халқының шамамен 30%-ы онлайн сауда жасайды
Қазақстан үшін цифрлық сауда тек ішкі нарықтағы бөлшек сауда үлесін арттырумен ғана шектелмейді. Бұл — экспортты әртараптандыру, жаһандық қосылған құн тізбегіне интеграцияланудың маңызды құралы. Әсет Нүсіповтің айтуынша, соңғы жылдары қызметтер саудасындағы тапшылық едәуір қысқарған.
«2016 жылы бұл көрсеткіш 3,65 млрд доллар болса, 2023 жылы 1,81 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл — цифрлық экономика мен сервистік қызметтердің дамуының нақты нәтижесі», — деп атап өтті ол.
Қазақстан Үкіметі 2029 жылға қарай электрондық сауданың бөлшек саудадағы үлесін 18,5%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.
2024 жылы ЕАЭС аясындағы электронды сауда көлемі 80 миллиард долларды құраған.