Сұраныс жоқ: сарапшылар тұрғын үй бағасы арзандайды деген болжам жасайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Пәтер бағасы қандай болады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы сұраныс төмендеген соң, тұрғын үй бағасы арзандауы ықтимал. Бұндай болжамды Halyk Finance сарапшылары жасап отыр. Олардың пікірінше, жыл басынан бері жылжымайтын мүлік бағасы мен жалдау ақысы инфляция қарқынынан баяу өсіп келеді, бұл сұраныстың біртіндеп төмендеп жатқанын білдіреді

Баға өсімі инфляциядан төмен

Halyk Finance сарапшыларының шолуына сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы бес айында пәтер бағасы жаңа үйлерде 4,3%-ға, ал қайталама нарықта 2,9%-ға өскен.
Бұл көрсеткіштер инфляция деңгейінен төмен, демек, тұрғын үйге деген белсенді сұраныс баяулаған. Сарапшылар бұл жағдайды нарықтағы ұсыныстың жоғары болуымен байланыстырады. Жаңа үйлер көптеп салынып жатыр, ал сатып алушылар бұрынғыдай белсенді емес.

Жалға беру нарығы да қысымда тұр

Жалдау ақысы бойынша да ұқсас үрдіс байқалады. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында ел бойынша жалға алу құны орта есеппен 0,8%-ға төмендеген, ал Алматы мен Астанада сәйкесінше 3,9% және 2,5%-ға арзандаған. Бұл сұраныстың төмендеуінің тағы бір көрсеткіші.

Тұрғын үй нарығына мемлекет тарапынан қолдау бар:мемлекеттік ипотека бағдарламалары мен субсидиялар сақталған. Алайда Halyk Finance сарапшылары сатып алушылар белсенділігі төмендегенін атап өтеді. Бұл фактор да алдағы уақытта бағаның біршама арзандауына әкелуі мүмкін.

2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы ипотекалық нарық өткен жылмен салыстырғанда баяулап, төрт өтініштің біреуі ғана мақұлданған.

Сондай-ақ оқыңыз