Қазақстанда Starlink спутник терминалы күзде ресми сатыла бастайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
 Starlink
Фото: shutterstock

Биыл күзге қарай Қазақстанда Starlink спутник терминалы заңды түрде сатыла бастайды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен SpaceX компаниясы арасында қол қойылған келісім аясында хабарланды.

Келісімге сәйкес, Starlink Қазақстан аумағында қызмет көрсету барысында елдің ақпараттық қауіпсіздік талаптарын, лицензиялау және құрылғыларды тіркеу нормаларын сақтауға міндетті.

Осылайша, бұған дейін тек пилоттық режимде және мемлекеттік мекемелерде (ауыл мектептері мен медициналық пункттерде) қолданылған спутниктік интернетті бүкіл халық пайдалана алады.

Бұған дейін Цифрлық даму министрлігі Starlink, Thuraya, Iridium және Inmarsat құрылғыларын елге кіргізуге тыйым салу бастамасын көтерген болатын. Министрлік мұндай құрылғылар ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін деп мәлімдеп, 2012 жылғы заңға сілтеме жасаған.

Алайда бұл бастама қоғамда үлкен сынға ұшырап, жоба қайта қарауға жіберілді. Қазір құжатты бірлесіп қарап жатқан ведомстволар қатарында Цифрлық даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Сауда министрлігі және ҰҚК бар.

SpaceX компаниясы Starlink жаһандық спутник желісін 2019 жылы орбитаға шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз