
Жаз келе Қазақстанның мыңдаған студенті АҚШ-қа тек жұмыс істеуге емес, өмірлік тәжірибе жинауға, әлем көруге аттанады. Олар Work and Travel бағдарламасы арқылы жаз бойы ақша тауып қана қоймай, саяхаттап, жаңа мәдениетпен танысып үлгереді. Бұл мүмкіндікке жол ашатын — АҚШ Мемлекеттік департаменті ұйымдастыратын Summer Work Travel бағдарламасы. ТМД елдерінде ол көбіне Work and Travel деген атаумен кеңінен танымал.
Summer Work Travel – АҚШ-та орналаспаған ЖОО студенттерінің жазда Америкаға барып, жұмыс жасап, саяхаттауына бағытталған бағдарлама. Мұны АҚШ мемлекеттік департаменті ұйымдастырады. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 300 мыңға жуық студент осы бағдарлама арқылы АҚШ-қа барып қайтады.
Биыл Америкаға аттанған қазақстандық студенттерден бағдарламаға қалай қатысқанын, алғашқы әсерлері мен шетелдегі өмірге қалай бейімделіп жатқанын сұрап білдік.
Жібектің бағдарламаға қатысуына достары әсер еткен
2-курста жүргенімде достарымның Work and Travel арқылы АҚШ-қа бара жатқанын көріп, менің де барғым келді. Сол жылдың соңында бағдарламаға жазылу кеш болып, бағдарламаға қатысуды бір жылға кейінге шегеруге тура келді. 3-курс болып, биыл қалай да болсын Америкаға бару керек деп ойладым. Отбасымды көндірдім. Бағдарламаға өзімді ұсынып, құжат тапсырдым, жұмыс күттім. Бағдарламаға келуіме бірден бір әсер еткен — достарым, айналам.
Достарым ұсынға агенттіктерді қарап, нарықтағы орнына, жұрт пікірін сараптап өзіме ыңғайлы компанияны таңдадым. Компанияның нарықта ұзақ жүргені сенім ұялатты. Таңдауыма өкінбедім. Бірақ қалған компанияларды да таңдап көруге кеңес берер едім.

Жұмысы жайлы
Бағдарламаға тіркелген соң жұмыс таба алмай қиналдым. Компанияларда студентке жұмыс тауып берудің 2 түрі бар: self қызметте жұмысты өзің іздейсің, ал full қызметте агенттік жұмысты өзі ұсынып, жұмыспен қамтиды. Мен full қызметті таңдағандықтан агенттік маған жұмыс тауып беруі керек еді. Бірақ бағдарламаға ақпан айында өтініш бергендіктен жұмыс табу қиын болды. Алдағы жылдары бағдарламаға қатысам деушілерге агенттіктерге өтінішті ертерек беруді ұсынамын. Ондай жағдайда ақша да үнемделеді, жұмыс та тез табылады. Осылай 2 айдай жұмысқа ұсыныс күттім.
Сәуірде әрекет ету керегін түсініп, жұмысқа ұсынысты өзім іздей бастадым. Менің алдымда Америкаға бағдарлама арқылы барған досымның бұрынғы жұмыс берушісіне жазып, ақыры жұмыс таптым.
Лэйк-Джордждың табиғаты өзіміздің Бурабайды еске түсірді
Нью-Йорк штатының Лэйк-Джордж деген қаласынан fast food crew ( Қазақстандағы кассир қызметіне ұқсайды – ред.) жұмыс таптым. Жұмысым қаланың паркіндегі фудкортта. Лэйк-Джордждың табиғаты өзіміздің Бурабайды еске түсірді. Лэйк-Джорджда Нью-Йорктағыдай әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі жұрт емес, жергілікті халықтың саны басым.
Кей жерде жұмыс беруші студенттерді жат жердегі үй-жайымен қамтамасыз етеді. Менің жағдайымда жұмыс беруші үй ұсынбады, таныстарыма жүгініп, мотель таптым. Көп үйлер бос болмады. Мотельде аптасына 150 доллар төлеп тұрамыз. Мотельде кей жиһаз бен асхана жоқ.
Work and Travel арқылы АҚШ-қа баратындарға айтарым – барынша ауа-райына қарамайтын жұмыс табуға тырысу қажет
Таңғы сегізде тұрып, таңғы ас ішіп, тоғыз жарымда басталатын жұмысымызға 9-дан аса шығып кетеміз. Жұмыс мотельден алыс емес. Жұмысқа қай уақытта келгенімізді белгілеп, жұмысымызды бастаймыз. Өзіміз қалаған уақытта түскі асқа 30 минут үзіліс жасай аламыз. Түскі ас уақытында парктегі аттракциондарға тегін мінуге де болады. Жұмыс күндері 9:30-14:00 аралығы, демалыс күндері 9:30-17:00 аралығында жұмыс жасаймыз. Сағатына 15.50 доллар төлейді.Work and Travel арқылы АҚШ-қа баратындарға айтарым – барынша ауа-райына қарамайтын жұмыс табуға тырысу қажет. Ауа-райы бұзылса, паркпен қоса біздің жұмыс та тоқтайды. Сондықтан қонақүй, мейрамханалар осындай кезде тиімді.
Азық-түлік аларда банк картамыз жұмыс жасамай қалғасын, менеджердің картасы арқылы 100 долларға азық-түлік алдық. Картамыз орнына келгесін ақшамызды қайтармақ болғанда, менеджер ақшаны алмай: «жоқ, маған қажет емес, бұл сіздерге сыйлық» деп қайтарды.
АҚШ халқы адамдарға көмектесуге дайын, кейбір адамдар «бетіңе күліп қарап, артыңнан ғайбаттайды» деген 2 түрлі көзқарасты естідім. Нью-Йоркта адамдарынан жол сұрасаң, айтқан жеріңе дейін жетектеп апаратыны, әр нәрсені тәмпіштеп түсіндірді.
Оқу бітіргеннен кейін де жұмыс жасаймыз. Сол үшін саяхаттап, өзімді дамытуға да ден қойғым келеді
Оқу бітіргеннен кейін де жұмыс жасаймыз. Сол үшін саяхаттап, өзімді дамытуға да ден қойғым келеді. Алда Ниагара сарқырамаларына, АҚШ штаттарындағы Blackpink концерттеріне, балалық арманым – Орландодағы Harry Potter Wizard Park деген жерге барғым келеді. Атлант мұхитын көру деген арманым орындалды.
АҚШ-қа келе мүмкіндіктерге ашық болу керегін түсіндім. Ойыңа бір нәрсе келді ме – ол нәрсені жасау мүмкін. Бір идея келді ме, міндетті түрде істеңіз. Жасамасаңыз, өкінесіз. АҚШ-қа осы жолы бармасам –өкінемін деп жүріп дегеніме жеттім. Адамдарға бірінші барып сөйлесуден қорықпау, керісінше сөйлесу арқылы жақсы қарым-қатынас құруға болатынын түсіндім. «Мүмкін емес» деген нәрсе жоқ. Бәрі мүмкін.
Нұрмұхамед Америкаға қалай аттанды?

Work and Travel бағдарламасы жайлы алғаш рет 2-курста достарымнан білдім. Олар Instagram-да Америкадан түрлі жазба мен фото салып жүрді. Сол сәттен бастап мен де бұл мүмкіндікті қарастыра бастадым. Жаз бойы бағдарлама жайлы ойланып, күзде нақты әрекетке көштім.
Қазан айының басында достарым ұсынған агенттікке тіркелдім. Бұл агенттіктің қызметі басқа агенттіктерге қарағанда қымбаттау болды, бірақ жұмыс берушіні таңдауға арналған жеке сайты бар екені сенім ұялатты.
Агенттік қызметіне 2 900 доллар, АҚШ-тағы жүріс-тұрысқа шамамен 1 000 доллар, консулдық алымдарға 100 долларға жуық қаражат кетті. Барлығы 4 000 доллар шамасында шығындалдым.
Бұл бағдарлама АҚШ-қа келген студенттерге американың мәдениетімен танысуға, ал елдің аз қоныстанған, туризмге тәуелді қалаларына — маусымдық жұмысшылар тартуға мүмкіндік береді.
Жұмысы жайлы
Алайда бағдарламаның бір кемшілігі – жұмыс табу қиындығы. Агенттік «егер наурызға дейін жұмыс таппасаңдар, жұмыс беруші сендерді өздері таңдайды» деп ескерті. Сәуір соңында маған сайт автоматты түрде аспаздың (cooking) жұмысын ұсынды. Бұл жұмыста агенттік рөлі көп болмады.
АҚШ-қа келгенде тіл, ортаға, жұмысқа бейімделу жағынан қиыындықтар болды. Тренингтен соң қамыр жайып, пицца жасауды үйрендім. Демалыс күндері көп уақытымды үйде өткіземін, жұмыс күндері екі ауысым бар: таңғы және кешкі ауысым.
Жұмысқа келіп, қамыр илеп, пицца қамырын дайындаймын. Бос болсақ, дәмханадағы кез келген сусын мен дайын пиццаны ала аламыз. Сағатына 16.5 доллар төлейді, онымен қоса шайпұлы бар.
Жұмыс берушім үй ұсынын, бәрін алдын-ала жасап қойды. Жеке үйде 6 студент болып тұрамыз, аптасына 125 доллар төлейміз.
Екінші жұмыс тауып үлгермедім. Әлі де демалыс маусымы толық бастала қоймады, сол үшін де көп жұмыс берушілер жұмысқа алуға асығып жатқан жоқ.
Ниагара қаласы жаздан басқа айларда тыныш. Қала өмірі студенттер келген кезде жанданады.
Бағдарлама барысында көп затқа өкінуге болады, бірақ қателіктердің көбі тәжірбие ретінде келгендіктен, көп нәрсені қабылдап үйрендім.