
Қазақстан Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорынан осы күнге дейін ақша алмаған. Енді Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Бұл өзгеріске сәйкес, қор Қазақстандағы жобаларды қаржыландырып, жеңілдетілген несие беріп отырады. Бұл туралы Сенатта Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтты.
Қор донорлары
Өзгерістерге сәйкес, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) Еуразиялық даму банкінен (ЕДБ) бөлініп шығып, жеке ұйым ретінде жұмыс істей бастайды. Ал қордың штаб пәтері Астанада ашылады. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, қорға Қазақстан тек донор ретінде қатысқан. Қор 2009 жылы құрылғанда, Ресей мен Қазақстан донор ретінде қатысып, Ресей 7,5 млрд доллар, Қазақстан 1 млрд доллар құйған. Бұл жарна сол кездегі макроэкономикалық көрсеткішер негізінде есептелген. Ал қордың жұмыс істеп келе жатқанына 16 жыл болған.
Енді Қазақстандағы жобалар қаржыландырыла бастайды
Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қордың Қазақстанның экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға қандай үлес қосқанын сұрады.
«Қордың құрылғанына талай жыл болды. Бұл қор тұрақтандыру үшін құрылып отыр. Содан бері ауыз толтырып айтатын бір жобалар атқарылды ма? Қор Қазақстанның дамуына, өндірісті дамыту бойынша жобаларды қаржыландырды ма?», – деп сұрады.
Дәурен Кеңбейіл қордың 16 жылдан бері Қазақстанда ешқандай жобаларды қаржыландырмағанын, тек Армения, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстанның қордан қаржы алып келгенін айтты.
Келіссөз
Бірақ бұл жағдайды өзгерту мақсатында Қазақстан негізгі донор саналатын Ресеймен 2 жыл қатарынан келіссіөз жүргізген. Нәтижесінде қорды Еуразиялық банктен бөлініп, жеке құор ретінде жұмыс істеп, елдегі жобаларды да қаржыландыруға мүмкіндік алған.
«2009 жылдан бері бұл қор 6 млрд долларға жобаларды қаржыландырған. Қаражат негізінен инфрақұрылымдық және бюджетті қолдау жобаларына жұмсаллды. Бірақ осы орайда айтып өту керек, қор тек төрт мемлекетті ғана қаржыландырған. Қазақстан бүгінгі күнге дейін бұл қордан қаржы алып көрмеген», – деді.
Штаб-пәтерде негізінен Қазақстан азаматтары жұмыс істейді
Қаржы вице-министрі енді жағдай өзгеретінін, қордың жаңа халықаралық ұйым ретінде қалыптасып, ел экономикасының өсіміне өз үлесін қосатынын айтты.
«Біздің талабымыз осы қор біздің экономикамызға жұмыс істеу керек. Қор техникалық көмек береді, гранттар береді, экономикалық зерттеулер жүргізеді. Сонымен бірге елге жеңілдетілген несиелер беріп отырады», – деді Кеңбейіл.
Сонымен бірге Қазақстан тарапы тағы бір талап қойған. Қордың штаб-пәтері Астанадан ашылып, онда негізінен Қазақстан азаматтары жұмыс істейді.
«Қордың Астанада штаб пәтері ашылады. Оған қордың қаражаты жұмсалады. Біз қ0орда негізінен Қазақстан азаматтары жұмыс істеуі керек деген талап қойып отырмыз. Оған сәйкес штаб пәтерде жұмыс істейтін қызметкерлердің 90% Қазақстан азаматтары болады», – деді вице-министр.
Хаттаманы ратификациялау туралы заңды депутаттар мақұлданды.