Жылына 2 млн тонна: Қазақстан Иранға бидай экспортын арттырады

Қазақстан Иранға бидай экспортын арттырады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2 млн тонна бидай, 1 млн тонна арпа
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Астанада Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезелдже мырзамен кездесу өткізген.
Осы кездесу барысында бидай экспорттау мәселесі талқалынған. 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың көктеміне дейінгі аралықта Иранға 960 мың тонна астық жеткізілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 есе көп. Тараптар енді бұл көлемді 3 млн тоннаға жеткізуге келіскен. Яғни Қазақстан Иранға 2 млн тонна, 1 млн тонна арпа жеткізеді.
«Біз Қазақстанның Иранға дәнді және майлы дақылдарды экспорттауда жоғары әлеуеті бар екенін көріп отырмыз. Қазақстан жыл сайын 500 мың тоннаға дейін күнбағыс майы мен күнжара жеткізе алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласындағы инвестициялық серіктестікті дамыту – келешегі зор бағыт», – деді Айдарбек Сапаров.
Иран тарапы
Голамреза Нури Гезелдже Иранның аграрлық тауар айналым көлемін арттыруға ниетті екенін, сондай-ақ технологиялық бағыттағы әріптестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізген.
«Иран астық, әсіресе бидай мен арпа сатып алуды ұлғайтуға мүдделі. Біз қазақстандық жеткізушілермен ұзақмерзімді келісімшарттар жасауға дайынбыз, сондай-ақ инженерлік суару жүйелері, ветеринария және асыл тұқымды мал генетикасы салаларындағы тәжірибе мен технологиялармен бөлісуге әзірміз. Иран компаниялары Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр, біз инвестициялық қатысуды кеңейтуге зор әлеует барын көріп отырмыз», – деп атап өтті Голамреза Нури Гезелдже.
Айта кетсек, Қазақстан 2024 жылдың күзінен бастап, 2025 жылдың көктеміне дейін астық экспортының көлемін айтарлықтай өсірген. Бұл аралықта Қазақстан 7 млн тоннаға жуық астық экспорттап үлгерген.