Түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсті – Тоқаев

Соңғы кездері түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсіп, түркі елдерінің арасындағы ынтымақтастық арта түскен Бұл туралы Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Маңызды саяси құрылым
Президент бірінші кезекте парламенттік ассамблеяның маңыздылығына тоқталған.
«Парламенттік Ассамблея – өте маңызды саяси құрылым. Қазақстан бұл Ұйымды барынша қолдайды. Қазір Парламенттік Ассамблея аясындағы бірлескен күш-жігеріміздің арқасында түркі ынтымақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үдеріс, себебі тұтас түркі жұртының халықаралық беделі мен ықпалы да арта түсуде. Ең бастысы, елдеріміздің арасында өзара жақындасуға деген талпыныс бар. Қазақстан алдағы уақытта да түбі бір түркі халықтарының жан-жақты ынтымақтастығын дамыта беруге мүдделі», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушы елдердің ірі екенін, осы орайда Парламенттік ассамблея ұсынған тың бастамаларға қашан да қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше ықпал етеді деп сенеміз. Оның әлеуетін халықтарымыздың ортақ мақсатына пайдаланған жөн деп санаймыз. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен біз бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Түркі ықпалдастығын тереңдетуге серпін беретін 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жүргізіп отырғанын, да атап өтіп, мұның барлығын түркі ықпалдастығын бекемдей түсетін маңызды қадам екенін айтты.
Елдегі реформалар
Сондай-ақ президент Қазақстандағы жүргізілген реформалар нәтижесінде қол жеткізілген оң өзгерістерге де тоқталып өтті.
«Біз жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға маңызды түзетулер енгіздік. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген жаңа жүйеге көштік. Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жетіле түсті. Конституциялық Сот құрылды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртыла бастады. Биылдан бастап еліміздегі барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайлануда. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болған емес», – деді ол.
Тоқаев мемлекеттің Заң мен тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құруға ұмтылатынын, реформаллар негізінде халықтың болмысы жаңғыртылып, жаңаратынын айтты.
«Бұл тұжырымның ажырамас бөлігі – Таза Қазақстан концепциясы, оны біз түбегейлі іске асыруымыз керек. Таза Қазақстан дегеніміз – тек тазалық қана емес, бұл – халқымыздың болмысын жаңғырту, өркениетті ұстанымдарға қарай бет бұру деген сөз. Мен халықпен, әсіресе, жастармен кездескен кезде оларға үнемі еліміздің келешегі – өскелең ұрпақтың қолында деп айтамын. Бұл – шындық, ақиқат. Сондықтан жастарымыз саналы, ақылды, көзі ашық, ұқыпты, зайырлы және адал болуы керек, – деді президент.