Әлемді үлкен соғысқа итермелеуші төрт фактор – саясаттанушы

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Төрт фактор жаһандық жанжалға алғышарт болуы мүмкін / фото: ЖИ
Төрт фактор жаһандық жанжалға алғышарт болуы мүмкін / фото: ЖИ

Әлемді үлкен соғысқа итермелеуші төрт фактор бар. Саясаттанушы Сайын Борбасов геосаяси жағдайдың ушығуының себептерін атады.

Саяси ғылымдар докторының пікірінше, жаһандық соғыстың қаупі қоюланып келеді. Бірақ ол жақын арада үлкен жанжалға ұласпайды.

Жаһандық соғыстың триггері

«Бүгін-ертең үшінші дүниежүзілік соғыс бастала қоймас. Бірақ шиеленіс күшті. Ресей агрессиясын тоқтатпай, НАТО елдерінің біріне шабуыл жасаса ғана, бұл мүмкін болмақ. Алайда бұған жүрегі дауаламайды. Экономикалық, демографиялық ресурсы жетпейді», – дейді саясаттанушы.

Сайын Борбасовтың айтуынша, жаһандық соғыстың триггері ретінде авториторлық Ресей мен Иран аталады. Бірақ мәселе тек бұлар да емес.

Империялардың фантомды ауырсынуы

Құлаған империялардың фантомды ауырсынуы деген ұғым қазір де өзекті секілді.

«Ресейдің бұрынғы Кеңес Одағының шекарасын қайтаруды көксейтіні жасырын емес. Иран билігі халқының жағдайынан бұрын өздерінің мүддесін көбірек ойлайды. Оның да баяғы Парсы империясын қалпына келтіру ниеті бар», – дейді ол.

Саясаттанушының сөзіне қарағанда, Израиль шын мәнінде арабтардың есебінен жерін кеңейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ, Газа секторы туризмді дамытуға өте қолайлы жер.

Демократиялық империя

Батыста «Жауынгер демократия» деген ұғым соңғы кездері жиі айтылып жатыр. Қазақстандық сарапшы «демократиялық империялардың» болатынын алға тартып отыр.

«Демократиялық империялар да бар. Мәселен, АҚШ – демократиялық мемлекет. Бірақ әлемдегі соғыстардың қайнар көзіне айналып отыр. Мәселен, Ирак, Сирия, Ауғанстан және басқа да елдерге әскер кіргізді. Әлемдегі соғыстар үшін жауапты ел. Демократиялық ел болғанымен, империялық сыртқы саясат жүргізіп отыр. АҚШ-тың мүддесіне қайшы елдердің бәріне әскермен басып кіріп келеді», – дейді ғылым докторы.

Басты төрт себеп

Сайын Борбасовтың пайымдауынша, ахуалдың шиеленісуінің бірінші факторы – Батыс демократиясы мен Шығыс авториторизмі арасындағы қайшылық.

Екінші фактор –  алпауыт елдердің әлемді қайта бөліске сала бастауы.

«Ірі мемлекеттер өздерінің ықпал аймақтарын жасамақ. АҚШ, Қытай, Түркия, Ресей, Иран елдері де өзінің ықпалын күшейтуді көздеп отыр. Әлемдік ресурстарды қайта бөліске салмақ. Амбициясын іске асырғысы келеді», – дейді ол.  

Үшінші фактор – әлем миллиардерлерінің билікке ұмтылуы. Олардың өздерінің ашық және жабық одақтары бар. Әлемді қайта бөлісуді, байлығын еселеуді қалайды.

Төртінші фактор – діни фактор. Мұсылман және христиан әлемі арасындағы текетірес бар. Ислам дінінде экстремистік ағымдар күш алып отыр. «Бұл да үлкен қауіп төндіреді», – дейді Сайын Борбасов.

Бұдан бөлек, терроризм, аштық, экология мәселелері де адамзатқа қатер.  

Әлемдегі ең көп жанжал шыққан жыл

The Times басылымының ақпаратына қарағанда, 2024 жыл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдегі ең көп жанжал шыққан жыл болған.

Шведцияның Uppsala Conflict Data Program жобасының мәліметінше, мемлекеттер деңгейінде 31 әскери қақтығыс тіркелген. Оның 11-і ауқымды соғысқа ұласып, әр ұрыс кезінде 1000-нан аса адам оққа ұшыпты.

Ал НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Ресейден қорғану үшін әуе және зымыранға қарсы қорғанысын 400%-ға арттыруға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз