Қаржаубай Нұрымов айыптылардан өндірген ақшаны балалар үйіне аударады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Каржаубай Нурымов
Фото: коллаж Kursiv Media

Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов айыпталушылардан өндірген ақшаны балалар үйіне аударады. Бұл туралы отбасының адвокаты Мейірман Шекеев айтты.

Қорғаушының сөзінше, Қаржаубай Нұрымов «қылмыстық жолмен табылған ақшаны алмаймын» деп, бастапқыда мүлдем өтемақы алудан бас тартқан.

«Негізі Қаржаубай аса көп сөйлемейтін адам. Өте адал, сол үшін құрметке лайық. Біз ең алғаш кездескенде: «Ең бастысы, Шерзаттың атына кір келтірмесе екен. Ол қылмыскерлер түрмеге түсе ме, түспей ме – бәрібір. Бірақ ол қылмыскерлер баламның атына қараламауы керек» деп айтқан еді», – деп еске түсірді Мейірман Шекеев.

Адвокат Шерзат Болаттың отбасы әлеуметтік желіде ешқандай ақша жинамағанын да атап өтті. Ал Қаржаубай Нұрымовтың өзі өтемақы сұрағысы келмеген, бірақ ол қажетті талаптың бірі еді дейді қорғаушы.

«Қаржаубай олардан бір тиын да алғысы келген жоқ. Қылмыскерлердің қолынан ақша керек емес деді. Азаматтық талап-арыз беру керек дегенде бірден бас тартты. Сотталушылар шартты жазадан құтылмау үшін оны талап ету керек екенін түсіндіргеннен кейін ғана келісті. Егер ол ақша қолыма тисе, балалар үйіне жіберемін деген», – деп түсіндірді Шекеев.

Еске салайық, 5-маусымда Шерзат Полаттың ісі бойынша үкім шықты. Айыпталушылар жеті жылдан 23 жылға дейін жаза арқалады. Сондай-ақ өтемақы ретінде марқұм Шерзаттың әкесі, анасы және әжесіне жалпы 120 млн теңге беруі керек.

Бірақ айыптылардың туыстары бұл үкіммен келіспей, үндеу жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз