Қытай компаниясы Түркістанда сарымсақ өңдеу зауытын салады

Сарымсақ өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшы саналатын қытайлық «Wanglin Group» компаниясы Түркістан облысында жаңа зауыт салмақшы. Бұл жайлы өңір әкімі Нұралхан Көшеровтың Қытайға ресми сапары кезінде белгілі болды.
Инвесторлар Түркістанның агроклиматтық жағдайына ерекше қызығушылық білдірді. Екі тарап өңірге қаржы тартып, заманауи қайта өңдеу зауыттарын салуға, облыста агроиндустриялық кластер құруға уағдаласты.
«Бүгінгі келіссөздер – Түркістан облысы үшін маңызды бетбұрыс. Біз ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз.Біздің диқандар табиғи өнім өндіруге машықтанған. Енді оларды халықаралық нарыққа шығару үшін жаңа технологиялар мен инвестициялар қажет. Бұл – жұмыс орындарын көбейтуге, ауылдағы табысты арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға сеп болады. Біз осыған бар күшімізді саламыз», – деп түйіндеді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Сарымсақ өсіру, оны өңдеу жағынан қытайлық компаниялардың халықаралық нарықта үлкен тәжірибесі бар. Елдегі егістік көлемі 500 мың гектарды алады, жылына 8 млн тонна өнімді сатуға шығарады. Экспорт көлемі 4 млрд долларға тең. Қытайда сарымсақ тек азық-түлік емес, дәрі-дәрмек, дәрумен жасауға да пайдаланады.
Түркістан облысыда жылына ондаған мың гектар жерге сарымсақ, пияз, көкөніс және бақша дақылдары егіледі. Осы жылы облысқа келетін шетелдік инвестиция көлемін 30%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Қазір Түркістанда қарбыз маусымы басталды. Жетісай ауданындағы диқандар биылғы жылдың алғашқы қарбызын жинап жатыр.