Жыл басынан бері Қазақстанның ЖІӨ-і 6%-ға өсті

Жарияланды 12 Маусым 2025 10:57

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанның ЖІӨ-сі 6%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросынан хабарлайды.
 
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы бес айында елдің ЖІӨ-сі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ға өскен.
Мұндай нәтижеге өнеркәсіп пен құрылыс салаларынан бастап сауда, көлік және байланысқа дейінгі негізгі салалардағы өсім қарқынының жеделдеуі ықпал етті.

Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды: ең жоғары өсім +22,9% көрсеткішімен кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің белсенді дамуының нәтижесінде Жамбыл облысында тіркелді.

Ауыл шаруашылығындағы өсім 4,0%-ды құрады (қаңтар-сәуір айларындағы 3,9%-бен салыстырғанда). Ең айқын өсім Атырау облысында (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+7,5%) және Ақмола облысында (+6,5%) тіркелді, бұл негізінен мал мен құс сойымының артуы есебінен болды.

Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, 15,4%-ға өсті. Он сегіз өңірде өсім тіркелді, ал Маңғыстау облысында мектептер, тұщытқыш зауыт, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есеге артты.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы салымдарының есебінен қамтамасыз етілді.

Сауда айналымы 7,8%-ға артты (қаңтар-сәуір айының қорытындысындағы 7,0%-бен салыстырғанда). Ішкі сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі шамамен 68%-ды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз