Үндістанда жолаушы ұшағы апатқа ұшырады

Үндістанның оңтүстігінде Air India әуе компаниясына тиесілі жолаушы ұшағы апатқа ұшарады. Reuters мәліметінше, ұшақ бортында 242 адам болған.
Мәліметтерге қарағанда, ұшақ Гуджарат штаты Ахмедабад қаласының әуежайынан жергілікті уақытпен сағат 13:39-да ұшып шыққан. Алайда артынша ұшқыш апат дабылын жолдаған. Содан кейін көп уақыт өтпей жолаушы ұшағы жерге құлағаны мәлім болды.
Жергілікті Ani агенттігінің хабарлауынша, ұшақ дәрігерлер жатақханасының ғимаратына құлаған.
Air India әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ AI171 рейсін орындау үшін Ахмадабадтан Лондонға қарай бет алған. Ұшақ Лондондағы Гатвик әуежайына жергілікті уақытпен 18:25-те қонуы керек болғанын порт басшылығы CNN телеарнасына растады.
Әуе компаниясы ұшақ бортындағы 242 адам туралы мәлімет таратты.
«169 адам – Үндістан азаматы, 53 адам – Ұлыбритания азаматы, бір адам Канада азаматы, 7 адам – Португалия азаматы», — деп хабарлады Air India.

Ахмедабад қаласының тұрғындары ұшақ құлаған орныннан әуеге қою қара түтін тарап жатқанын айтты. Суреттер мен видеолар әлуметтік желілерде тарады.
Ұшақ апатынан зардап шеккендер туралы нақты ресми мәлімет әзірге жарияланбады. Алайда Уттар-Прадеш штатының бас министрі Йоги Адитьянатх «жолаушылардың көбі қаза тапқанын» мәлімдеді.