Air India жолаушы ұшағы апатқа ұшыраған соң, Boeing акциялары құнын жоғалтты

Үндістанның оңтүстігіндегі Ахмедабад қаласында Air India жолаушы ұшағы апатқа ұшыраған соң, Boeing компаниясының акциялары шамамен 8%-ға құлады. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Агенттік мәліметінше, бейсенбі күні АҚШ қор биржасындағы сауда қарсаңында Boeing ұшақ өндіруші компания акцияларының құны 8%-ға төмендеді. BA.N акциялары 196,52 долларға дейін түсті.
Әуедегі қозғалысты бақылауға арналған Flightradar24 сайтының мәліметінше, Ахмедабад қаласында тұрғын ауданға құлаған ұшақ – Boeing 787-8 Dreamliner. Ол жолаушы тасымалдау саласындағы ең озық ұшақтардың біріне жатады. Оны 2011 жылы қолдана бастаған. Қазір 1175 Dreamliner ұшағы күнде 2100 рейс орындайды.
Лондонға бет алған жолаушы ұшағы әуеге көтерілгеніне көп уақыт өтпей тұрғын ауданға құлағаны мәлім болды. Жергілікті Ani агенттігінің хабарлауынша, ұшақ дәрігерлер жатақханасының ғимаратына құлаған. Оқиға орнында түсірілген видеолардан биік бірнеше ғимараттың өртеніп кеткенін көруге болады.
Boeing компаниясы өзі шығарған ұшақтардың бірі апатқа ұшарағанына хабардар. Компания қазір әуе апатына қатысты қосымша мәлімет жинаумен айналысып жатыр. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
«Біз апат туралы алдын ала мәліметпен таныстық. Қазір қосымша ақпарат жинап жатырмыз», — деп мәлімдеді Boeing өкілі.
Ұшақ бортында барлығы 242 адам болған.
«169 адам – Үндістан азаматы, 53 адам – Ұлыбритания азаматы, бір адам Канада азаматы, 7 адам – Португалия азаматы», — деп хабарлады Air India.
Ұшақ апатынан зардап шеккендер туралы нақты ресми мәлімет әзірге жарияланбады. Алайда Уттар-Прадеш штатының бас министрі Йоги Адитьянатх «жолаушылардың көбі қаза тапқанын» мәлімдеді.