Air India ұшағы апатынан 200-ден аса адам қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Үндістанда Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады / фото: REUTERS/Amit Dave
Үндістанда Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады / фото: REUTERS/Amit Dave

Үндістанның оңтүстігіндегі ұшақ апатынан 200-ден аса адам қаза тапты. Air India жолаушы ұшағы бортында 242 адам болған.

Үндістан билігі Ахмедабад қаласындағы ұшақ апатынан зардап шеккендер туралы ресми мәлімет жариялай бастады. Ол қаладағы дәрігерлер жатақханалары орналасқан ауданға құлаған.

«Ұшақ құлаған ғимарат — дәрігерлер жатақханасы. Біз оның шамамен 70–80% аумағын тазартып шықтық. Қалғандарын да тезірек тазалаймыз», — деп мәлімдеді журналистерге полицияның лауазымы жоғары бір офицері. Оның айтқандарын Reuters агенттігі жариялады.

Жергілікті CNN News-18 телеарнасының мәліметінше, ұшақ мемлекеттік BJ Medical College жатақханасы асханасының шатырына құлаған. Соның салдарынан көп студент қаза тапқан. Телеарна ұшақтың бір бөлігінің ғимарат шатырына кіріп кеткенін көрсетті.

Құтқарушылардың айтуынша, оқиға орнында кем дегенде 30-35 адамның мәйіті табылды. Бұған қоса, көп адам сыртқа шыға алмай қалған. Ғимараттар өртенгені мәлім.

Air India жолаушы ұшағы жергілікті медколледж жатақханасына құлады / фото: REUTERS/Amit Dave
Air India жолаушы ұшағы жергілікті медколледж жатақханасына құлады / фото: REUTERS/Amit Dave

Бұл уақытта AP әуе апатынан ешкім аман қалмаған болуы мүмкін екені туралы мәлімет жариялады. Агенттік жергілікті полиция комиссарының сөзіне сүйенді.

«Әуе апатынан ешкім тірі қалмағанға ұқсайды«, — деген комиссар Г.С. Мәлік Associated Press агенттігіне.

Комиссар ұшақ құлаған ауданда «кейбір жергілікті тұрғын қаза табуы мүмкін» екенін де айтқан.

Ахмедабад полициясы ұшақ апатынан қаза тапқан 25 адамның аты-жөнін жариялады.

Ұшақ бортындағы жолаушылар арасында 217 ересек, 11 бала және екі нәресте болған. Бұл туралы Reuters өз дереккөзіне сүйене отырып хабарлады.

Air India мәліметінше, ұшақ бортында Үндістанның 169, Ұлыбританияның 53, Португалияның 7, Канаданың бір азаматы болған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге ұшақ апатынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

АҚШ қор биржасындағы сауда қарсаңында Boeing ұшақ өндіруші компания акцияларының құны 8%-ға төмендеді. Boeing 787-8 Dreamliner жолаушы тасымалдау саласындағы ең озық ұшақтардың біріне жатады. Оны 2011 жылы қолдана бастаған. Қазір 1175 Dreamliner ұшағы күнде 2100 рейс орындайды.

Ұшақ Ахмедабад қаласының әуежайынан жергілікті уақытпен сағат 13:39-да ұшып шыққан. Алайда артынша ұшқыш апат дабылын жолдаған. Содан кейін көп уақыт өтпей жолаушы ұшағы жерге құлағаны мәлім болды.

Сондай-ақ оқыңыз