
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов кейінгі уақытта жиі айтылып жүрген сындарға жауап беріп, қорды тарату «қиынға соғады» деп мәлімдеді.
17 жыл бұрын халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында құрылып, кейін «әл-ауқаты» түсіп қалған «Самұрық-Қазына» АҚ басшылары 12 маусымда Астанада БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Қор басшылары 2024 жылдың есебін таныстырып, «Самұрық-Қазынаны» таратқан жағдайда не болатыны туралы да айтты.
«Самұрық-Қазына» мақсаты – басқаруға берілген мемлекеттік активтер құнын көтеру, табысты арттыру. Егер активтерді министрліктерге – мемлекетке тапсырсақ, мүдделер қақтығысы туындайды. Активтер құнын көтеру мақсаты екінші санатқа түсіп қалады», – дейді Жақыпов.
Одан әрі төраға қордың жалпы құны 53 трлн теңге тұратын 130 жобаны жүзеге асырып жатқанын алға тартты. Жақыповтың түсіндіруінше, инфрақұрылымды дамытуға арналған ірі жобалардың 70%-ы займ қаражатымен жұмыс істеп тұр.
«Қорды жабу туралы шешім қабылданса, оны жүзеге асыру өте қиынға соғады. Себебі қор көптеген жобаларға кепіл болып отыр», – деп мәлімдеді Жақыпов.
Оның айтуынша, мұнай-газ секторындағы жобалардың құны 17,7 трлн теңге, ал энергетикалық сектордағы жобаларың құны – 14,4 трлн теңге. Осының бәріне қаражат тартуға қатысқан қорды жабу заң тұрғысынан қиындық туғызады дейді басқарма төрағасы.

«Самұрық-Қазына» қорын тарату туралы әңгіме қайдан шықты?
Жақыповтың пікірінше, «Самұрық-Қазынаны» тарату керек деген әңгімені қордың экономикадағы үлесін дұрыс білмейтіндер қозғап жүр.
«Қорды тарату туралы әңгімелер кейбір адамдардың экономикадағы «Самұрық-Қазына» үлесі 50 немесе 60 пайыз деп жаңсақ айтуынан шықса керек. Мен цифрларды көрсете отырып, қор үлесі елу емес, 7,5% екенін жеткізуге тырыстым.
«Самұрық-Қазына» қорының басты мақсаты дағдарысты еңсеру емес, әлеуметтік жағдайды көтеру емес, қайырымдылық жасау емес, отандық тауар өндірісін қолдау емес. Басты мақсат – басқарудағы активтердің құнын көтеру. Жоғарыда айтылған мақсаттар да маңызды. Біз оларға да көңіл бөлеміз. Бірақ олар екінші санаттағы мақсаттарға жатады», – деді қордың басқарма төрағасы.
Соған байланысты Жақыпов қор қызметінің «негізгі мақсатына» көбірек тоқталуды жөн деп санайды.

Президентке тікелей бағынатын Жоғары аудиторлық палата «Самұрық-Қазына» жұмысын тексеріп жатқаны мәлім. Қор өкілдерінің айтуынша, тексеру маусымның аяғында ақталады. Палата қорытындысы үкімет пен парламентке жолданады.
Бір күн бұрын парламент депутаттары «Самұрық-Қазына» жұмысын сынаған. Атап айтқанда, мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов аудит жүргізілгеннен кейін, «Самұрық-Қазына» қорын қайта жаңалауды талап еткен. Депутаттың дерегінше, 2024 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жүргізген сатып алулардың 60%-ы бір көз арқылы жүзеге асырылған.
2024 жылы «Самұрық-Қазына» қорының таза табысы 2,354 трлн теңге болды. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 38,6%-ға жоғары. Екі жыл бұрын қор 1,698 трлн теңге табыс тапқан.
Қор 3,4 трлн теңгені мемлекетке аударған. Оның 2 трлн теңгесі салық түрінде, 737 млрд теңгесі бюджетке дивиденд ретінде түскен. Тағы 568 млрд теңгені үкіметтің әлеуметтік жобаларына аударған. 50 млрд теңге «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударылған.