Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысына айыппұл салынды

Жарияланды
Заңсыз бұйрық шығарған басшы 196 600 теңге әкімшілік айыппұл төлеу керек/Фото: kursiv.media архивінен

Шымкент қаласының қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы айыппұл арқалады. Нұрлыбек Асылбековке заңсыз бұйрық шығарғаны үшін 196 600 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.

Прокуратураның мәліметінше, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топқа медициналық қызмет көрсету саласындағы инвесторларға қатысты заңсыз тексеру туралы хабар түскен.

Анықтай келе прокуратура қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен емханалар жанындағы 26 стоматологиялық кабинетке мониторинг жүргізу жоспарланғанын білген.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексіне сәйкес басқарманың мұндай мониторинг жүргізуге өкілеттігі қарастырылмаған. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде аталған бұйрықтың күші жойылды. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабы («Лауазымды адамдардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласуы» бабы) бойынша жауапкершілікке тартылып, 196 600 теңге мөлшерінде айыппұлды қысқартылған тәртіппен төледі» делінген прокуратура хабарламасында.

Мұның алдында Ақсудағы ферроқорытпа зауытына 855 млн теңге айыппұл салынғанын жазғанбыз. Кәсіпорын экологиялық талаптарды бұзған.

Сондай-ақ оқыңыз