Жаңалықтар

Шымкентте лифтіде бір адамды жабылып ұрғандар сотталды

Лифтте қалып қойған
Фото: kazlift

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде ер адамды соққыға жыққан үш жігіт сотты болды. Сот оларды «Бұзақылық» бабымен кінәлі деп танып, әрбірінің бас бостандығын 3 жылға шектеп, жылына 100 сағаттан мәжбүрлі жұмыс істеуге міндеттеді. Сотталушылар кінәсін толық мойындаған, жәбірленуші оларға кешірім берген.

Осы жылдың ақпан айында Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі лифтіде ер адамды бірнеше жігіт соққыға жыққан видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті. Онда лифтіге кірген жігіттің артынан бірнеше жігіттің бірінен соң бірі кіре сала, ер адамды жабылып таяқтың астына алғанын көруге болады. Артынша соққыға жығылғын жігіттің пышақталғаны туралы бейресми ақпарат тараған. Бұған оның қарызын өтемей жүргені себеп болғаны жазылған еді.

Осы оқиғаға байланысты Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты үкім шығарды. Үш жігітті «Бұзақылық» бабымен кінәлі деп таныды.

Жоғарғы соттың сот жүйесі кабинетінде жарияланған үкімге қарағанда, 25-27 жастағы сотталушылар жәбірленушінің иығы біріне тиіп кеткені үшін оны таяқтың астына алған. Олар кінәсін толық мойындаған, шын өкінетінін айтқан. Сот үш айыпталушыны 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартқан.

«Біріншісі болмашы себеппен жәбірленушінің бас және денесінің барлық бөліктеріне аяқ және қол жұдырығымен аяусыз бірнеше соққы жасаған. Екі сотталушы оған қосылып жәбірленушінің денесінен бірнеше соққылар жасап, оны 3-қабаттан шығарып тастаған. Үшеуі бірге адамдар тобы болып, қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін, күш қолданумен ерекшеленетiн әдепсiз әрекеттер жасаумен ұштасқан аса қатыгездікпен бұзақылық жасаған» делінген сот үкімінде.

Сот тергеуі кезінде жәбірленуші айыпталушылардың бәріне кешірім беретінін айтқан. Оларға қоятын талабы жоқ екенін жеткізіп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сот-медициналық сараптамасы оқиғадан жәбірленуші «адам денсаулығына зиян келтірмейтін жарақат» алғанын көрсеткен. Десе де сот оларды қоғамды құрметтемей, бұзақылық жасады деп тапқан.

«Адамдар тобы болып, күш қолданумен ерекшеленетiн қоғамдық тәртіпті қоғамды құрметтемеу анық көрінетін бұзақылық жасаған» делінген үкімде.