ІІМ Бишімбаевтың қай колонияда жазасын өтеп жатқанын хабарлаудан бас тартты

ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қай колонияда жазасын өтеп жатқанын хабарлаудан бас тартты. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлады.
Редакцияның ресми сауалына комитет жалпылама жауап қайтарған.
«Сотталған жазасын Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жатыр», – деп мәлімдеді комитет.
Комитеттің хабарлауынша, нақты ақпарат тек туыстарына ғана берілген. Олар «Жеке деректер туралы» заңға сілтеме жасап, басқа мәліметтерді жариялауға болмайтынын атап өтті.
Бишімбаев ісі
2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталды.
Айыптау актісіне сәйкес, Бишімбаев азаматтық некедегі жары Нүкеноваға туыстары, достарымен араласуға қарсы болған және қаржылық жағынан өзіне тәуелді еткен.
Ол Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.