Жаңалықтар

«Тірілтіңдер!»: Жаркентте әскери қайтыс болған кезде кезекші қалай әрекет еткен

Дархан Дәулет сотында куәден жауап алынды/коллаж kursiv.media

Жаркентте қаза тапқан әскери Дархан Дәулеттің сотына қайғылы оқиға күні батальон кезекшісі болған Инабат Әбимолда куә ретінде қатысты. Істегі прокурор куәнің соттағы жауабы мен тергеу барысында айтқаны бір-біріне сәйкес келмейтінін айтты, деп хабарлайды KursivMedia.

Куә Әбимолда сотқа адвокатымен бірге қатысты.

Істің мән-жайы

Марқұм Дархан Дәулет Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылында 5 жыл қызмет еткен. 2024 жылдың қыркүйегінде Жаркентке инженерлік бөлімнің бастығы болып ауысқан. 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашасына қараған түні тәуліктік кезекшілікке түскен. 26 жастағы әскери сол түні қайтыс болған.

Сотталушылар қатарында 4 адам бар: майор Дархан Қазтай 1988 жылы туған, ал үш сарбаз – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир 19-20 жаста.

Инабат Әбимолданың соттағы жауабы

Куәнің айтуынша, сол күні істегі үш сотталушы Рустамұлы, Әбсадық, Шакир ішке жүгіріп барған. Әбимолда ішінде Рустамұлынан не болғанын сұраған. Сарбаз марқұм Дархан Дәулетке қатысты «өліп қалған сияқты» деп жауап берген.

Судья: Сіз жатқан жерінде аузынан қолғапты алдым дедіңіз. Дұрыс па?

Куә Әбимолда: Иә

Судья: Аузында тек қолғап қана болды ма?

Куә Әбимолда: иә, қара түсті қолғап болды.

Судья: Қолғапты аузынан жұлғанда ештеңе кедергі еткен жоқ па?

Куә Әбимолда: Жоқ, кедергі етпеді.

Судья: Оған дейін Дархан Дәулетті көрдім дедіңіз. Киімінде кім екенін айшықтайтын белгілері болды ма? Әскери шені…

Куә Әбимолда: Әскери шені бар формасында

Судья: Сіз жүгіріп барғанда қай жерде жатты?

Куә Әбимолда: Сол спорт қалашығында, жарықтың астында емес, қараңғы жерде (жатты – ред.). Жазық жерде жатты.

Судья: Отбойдан кейін кімдердің қозғалуына рұқсат берілген?

Куә Әбимолда: Ешкімге құқысы жоқ

Судья: Отбойға дейін сарбаздар командир Қазтайдың осындай тапсырма бергені туралы сізге айтты ма?

Куә Әбимолда: Ол жағы нақты есімде жоқ шығар… Ол оқиғаның өткеніне біраз уақыт болды. Есімде жоқ.

Прокурор: Тергеу барысындағы жауабыңызды өз еркіңізбен бердіңіз бе? Ешқандай қысым болған жоқ па?

Куә Әбимолда: Ешқандай қысым болған жоқ, өз еркіммен бердім.

Прокурор: Рустамұлы, Әбсадық, Шакир отбой кезінде ұйықтады ма?

Куә Әбимолда: Иә, жатқызылған.

Прокурор: Рустамұлы, Әбсадық, Шакир жүгіріп келді деп айттыңыз. Сол кезде қайдан келдік деп айтты?

Куә Әбимолда: Үшеуі жүгіріп кірді. «Рустамұлы, ко мне» деп шақырып алдым. «Не істеп жүрсіңдер?» деп едім, «ответственный ма, біреуді байлап тастадық» деді. Содан кейін «өліп қалған сияқты» деді. «Қуасыңдар ма, қай жаққа байладыңдар?» дедім. Спорт қалашығы жаққа бара жатқан жолда. «Кім-кім байладыңдар?» деп едім, «Әбсадық, Шакир» деді.

Судья: Нақты«ответственныйды байладық» деген сөз айтты ма?

Куә Әбимолда: Өздері де білмей тұрған сияқты,«ответственный ма, біреуді» деді.

Куә Әбимолда: … Содан кейін мен сырт киімімді іздеуге кіріскен кездесырттан взвод командирі Сүйіндік келіп қалды. Ол кірген кезде «сарбаздар ответственныйды ма, біреуді байлап тастаған сияқты, барып қарай берші» дедім. Ол бір ауыз сөзімді жерге тастамай, жүгіріп оқиға орнына қарай кетті. Бір кезде Сүйіндік жүгіріп ішкі кірді, «досым, ана кісі қайтыс болып кеткен сияқты» деді. Жаныма қатардағы жауынгер Алпысбайды ертіп алдым, үш адам болып сол орынға жүгіріп бардық. Барсақ, оң қырымен жатыр екен. Аударған кезде аузында қара түсті қолғап болды. Қолғапты алып тастадым. Медиктерді шақыр деп айттым. (…) Содан кейін майор Қазтайға хабарластым. Ол кісіге «сіз біреуді байла деп тапсырма берген бе едіңіз?» дедім. Иә, тапсырма бердім деді. «Сарбаздар байлап тастаған кісі қайтыс болып кеткен сияқты» дедім. Ол кісі қорқып, «тірілтіңдер!» деді.

Сондай-ақ сот барысында қайғылы оқиға болған күні батальон кезекшісі Инабат Әбимолдаға қатыстыбасқа қылмыстық іс қозғалғаны айтылды.

Ал істегі прокурор Саят Баймұсаев куә Әбимолданың тергеу барысында берген жауабын оқып, соттағы жауабы екеуінің бір-біріне сәйкес келмейтініне соттың назарын аударды.