Сот Тоқмәдидің жаза мерзімін қысқартуға қатысты өтінішін қарауды тоқтатты

Алматы облысының Алатау қалалық сотында банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін 10 жыл 6 айға сотталған Мұратхан Тоқмәдидің жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішхаты қаралды.
Төрағалық етуші тараптардың пікірін тыңдап, шешім шығарды.
«2023 жылдың тамызында тағайындалған жаза Қылмыстық кодекстің 6-бабына сәйкес заң талаптарына сәйкестендіріліп, барлық мәселе толық көлемде шешілген. Бұған дейін сот дәл осындай мазмұндағы өтінішті қарағандықтан, оны қайта қарау заңнамада көзделмеген. Осыған байланысты сот аталған өтініш бойынша іс жүргізу тоқтатылуға тиіс деп есептейді», – делінген сот қаулысында.
Айта кетейік, Мұратхан Тоқмәди 2024 жылы мерзімінен бұрын бостандыққа шағатыны туралы ақпарат тарады. Мұндай шешімді Қонаев қаласының соты шығарған. Жәбірленуші тарап – Тәтішев отбасы Қонаев қаласы сотының шешіміне шағымданып, Алматы облыстық соты сотталушының түзелгеніне күдік келтіріп, Қонаев соты шешімінің күшін жойған.
2025 жылдың 13 қаңтарында Мұратхан Тоқмәди мерзімінен бұрын босап шығуға қайта өтініш түсірген. Алайда 16 қаңтарға белгіленген отырыс Тоқмәди сотқа қатысудан бас тартып, жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішті қараусыз қалдыруды сұрағанына байланысты өтпеді.
Мұратхан Тоқмәди – «ТұранӘлем Банкі» басшысы Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған кәсіпкер. Оқиға 2004 жылы болғанымен, Тоқмәдиге айып 2018 жылы тағылып, сол жылы сотталған.