Lifestyle

Дженнифер Лопес қазақстандық ұйымдастырушыларға қандай тілек білдіргені белгілі болды

Дженнифер Лопес Алматыға оққағар, биші, продсерлерімен бірге 100 адам болып келеді
Дженнифер Лопес қазақстандық ұйымдастырушыларға қандай тілек білдіргені белгілі болды/Фото: justjared

Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Алматыда өтетін концертіне байланысты баспасөз жиыны өтті.

«Астана концерт» компаниясының продюсері Малик Хасенов Джей Лоның концертін елдегі мәдени құбылысқа балап, оның себебін түсіндірді.

«Джей Ло сияқты А кластағы әртістің концерті алғаш рет 100 пайыз жеке қаражатқа ұйымдастырылғалы отыр. Яғни, бұл концерт толықтай коммерциялық жоба. Концерттің өтетіні мен билеттердің санаулы сағатта сатылып кетуі Қазақстанды нарық ретінде тартымды етіп отыр», – дейді ол.

Малик Хасеновтың сөзінше, концертке 29 елден 8 мыңнан астам қонақ билет алған. Оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Швейцария, Қытай, Түркия, Мексика сияқты елдер бар.

«Концерт мәдени тұрғыда ғана емес, экономикалық тұрғыда да маңызды оқиғаға айналды. Алматы қаласы Туризм басқармасының зерттеуіне сай, шетелдік туристер қалада орта есеппен 3-тен 5 күнге дейін уақыт өткізіп, жалпы алғанда 1500 АҚШ долларына дейін қаражат жұмсайды. Бұл шағын және орта бизнеске елеулі қаржылық қолдау», – дейді Малик Хасенов.

Концертке келуші шетелдік қонақтар қонақ үй, мейрамхана, қоғамдық тамақтану салаларына 5 миллиард теңге қалдырады деп күтіліп отыр.

Алматыдағы концертті ұйымдастырумен айналысатын «First Media Group» компаниясының жетекшісі Альфия Нұрғұмарова іс-шараның сахнаны жасақтаудан, дыбысты реттеуге дейінгі техникалық бөлігін толықтай қазақстандық компаниялар жүзеге асыратынын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, Дженнифер Лопес Қазақстанға құрамында оққағар, биші, продюсер сияқты 100-ден астам адамнан тұратын үлкен командамен келеді.

Әртіс Қазақстанның ұлттық асханасының ерекшелігімен танысқысы келетіні туралы тілек білдірген. Одан бөлек әртіске көрсететін түрлі бағдарламалар талқыланып жатқаны хабарланды.

Дженнифер Лопестің Алматыдағы концерті 10 тамыз күні өтеді. Жуырда ғана концертке қосымша билеттер сатылымға шыққан. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бүгінде тұрып тұратын билеттер ғана қалған.