Ұлттық банк криптовалюта «құмсалғышын» іске қоспақ

Жарияланды 13 Маусым 2025 16:54

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
криптовалюта
Цифрлық активтерді реттейтін ерекше режим қосылады / Фото: gov.kz

Ұлттық банк цифрлық активтерді ерекше реттеу режимін қоспақ. Бұл режимді «реттеуші құмсалғыш» деп атаған. Қаулы жобасының сипаттама бөлігі Ашық НҚА порталына орналастырылған.

«Реттеуші құмсалғыш» — бұл стартаптар, финтех-компаниялар мен банктер жаңа қаржы қызметтерді қауіпсіз, оқшауланған ортада сынап көре алатын арнайы режим. «Реттеуші құмсалғыш» – бұл нақты жағдайда жүргізілетін сынақ режимі. Бұл режим арқылы, мысалы, заң өзгерістерін күтпей-ақ, stаblecoin-әмиянды сынап көруге болады.

Мұндай режимге қатысушылар:

  • өнімді шектеулі қолданушылар тобына (фокус-топ) сынақтан өткізеді;
  • уақытша немесе жеңілдетілген реттеу талаптарын пайдалана алады;
  • реттеушіден тұрақты кері байланыс алып отырады;
  • жаңа бизнес-модельді ықтимал қатер мен талаптарды ескере отырып жетілдіре алады.

Сынақ аяқталған соң, жобаны жүзеге асыру тәжірибесі жинақталып, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізілмек.

2023 жылғы 6 ақпаннан бастап Қазақстанда «Цифрлық активтер туралы» заң күшіне енді. Осы заңға сәйкес, цифрлық активтер екіге бөлінеді: қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген.

  • Қамтамасыз етілген цифрлық актив – бұл арнайы талаптарға сай келетін, сақтауға және айырбастауға арналған цифрлық платформада тіркелген актив.
  • Қамтамасыз етілмеген цифрлық актив – бұл жоғарыда айтылған талаптарға сай келмейтін актив.
Сондай-ақ оқыңыз