Жаңалықтар

Қазақстанның халықаралық резерві 112 млрд доллардан асты

резерві
Қазақстанның валюта резерві қанша / Фото: kursiv.media

Мамырда Қазақстанның халықаралық резерві 112,3 млрд долларды құрап, бір айда 1,7% өсті. Бұл туралы Ұлттық банктің статистикасында жазылған.

Салыстырмалы түрде алсақ, сәуір айында бұл көрсеткіш 110,4 млрд доллар болса, жыл басында – 104,7 млрд доллар болған. Яғни, жыл басынан бері елдің халықаралық резервтері 7,3%-ға артты.

2025 жылдың мамыр айының соңында Ұлттық қордағы активтер көлемі 59,7 млрд долларға жетті. Бұл бір ай ішінде активтердің 2,91%-ға өскенін көрсетеді. Мұндай өсім, негізінен, мұнай мен басқа да шикізат түсімдерінің артуымен байланысты.

Ал Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мамыр айының соңында 52,6 млрд долларды құрап, сәуір айымен салыстырғанда 0,43%-ға көбейді.

Алтын мен валюта активтеріндегі өзгерістер

Ұлттық банктің резервтерінің құрылымына көз жүгіртсек, мұнда да белгілі бір динамика байқалады. Атап айтқанда, шетел валютасындағы активтер бір айда 2,97%-ға азайып, 21 млрд доллар деңгейінде қалып отыр. Бұл — шетел валютасына деген сұраныс немесе төлемдермен байланысты болуы мүмкін.

Ал алтын қоры, керісінше, 2,81%-ға артып, 31,6 млрд долларды құрады. Бұл өсім әлемдік нарықтағы алтын бағасының көтерілуімен және алтын қорын ұлғайту саясатымен түсіндіріледі.

Сондай-ақ таза халықаралық резервтер — яғни, барлық міндеттемелерді алып тастағандағы нақты қор көлемі — 50,5 млрд долларға жетіп, 0,36% артты.